reforef.ru 1 2 ... 4 5
Источник: ИС ПАРАГРАФ, 23.08.2012 14:58:25

Қазақстан Республикасының
Заңы

 

Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы

(2012.10.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

 

Осы Заңды іске асыру мақсатында қабылдануы қажет нормативтік құқықтық актілердің тізбесін қара

 

Осы Заң мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн: бензинді, авиация және дизель отынын, мазутты өндіру және олардың айналымы үдерісiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi.

 

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) автожанармай құю станциясы - мұнай өнімдерін сақтауды және бөлшек сауда арқылы өткізуді қамтамасыз ететін, жабдықпен жарақтандырылған технологиялық кешен.

Автожанармай құю станциялары мынадай үлгілерге бөлінеді:

тұрақты - отын тарату бағандары арқылы көлік құралдарына мұнай өнімдерін құюға арналған;

контейнерлік - біртұтас зауыт бұйымы ретінде жасалған, технологиялық жүйесі отын тарату бағандарының мұнай өнімдерін сақтау контейнерінде орналасуымен сипатталатын, мұнай өнімдерін сақтауға арналған ыдыстары жер үстінде орналасқан;


жылжымалы - біртұтас зауыт бұйымы ретінде жасалған, автомобиль шассиіне, тіркемеге, жартылай тіркемеге орнатылған, ықшам технологиялық жүйе;

2) 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

3) дербес сәйкестендіру нөмір-коды - ілеспе жүкқұжатта және мұнай өнімдерінің айналымы жөніндегі декларацияда мұнай өнімдерінің түрін, маркасын көрсету үшін қажетті, мұнай өнімдерін өндірушілерге, мұнай өнімдерінің импортын жүзеге асыратын көтерме сауда арқылы берушілерге және Қазақстан Республикасында өндірілетін немесе Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін мұнай өнімдерінің әрбір атауына берілетін тұрақты сәйкестендіру нөмірі;

4) есепке алатын бақылау аспаптары - мұнай өнімдерін жылжымалы үлгідегі автожанармай құю станцияларынан өткізетін мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізушілерді қоспағанда, мұнай өнімдерін өндірушілерде, мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілерде және бөлшек сауда арқылы өткізушілерде орнатылған, мұнай өнімдерін алу, сақтау, өткізу, жөнелту көлемдері туралы ақпаратты автоматтандырылған жүйе арқылы мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті органға кейіннен беру мақсатында есеп жүргізу үшін мұнай өнімдерінің сандық және сапалық сипаттамаларын өлшейтін техникалық құрылғылар;

5) инвестициялық бағдарлама - экономикалық көрсеткіштер, оның ішінде мұнай өнімдерінің бағасына әсер ететін инвестициялық құрамдастар кіретін, жоспарланған техникалық-экономикалық тиімділік алу мақсатында белгілі бір кезеңге мұнай өнімдерін өндірушілердің қазіргі өндірістік қуаттарын құруға, түгел жаңғыртуға және реконструкциялауға бағытталған қаражат салу және қайтару бағдарламасы;


6) компаундтеу - белгіленген сапада мұнай өнімін алу мақсатында екі немесе бірнеше құрауыштарды араластыру, оның ішінде қосындылар, қоспалар енгізу;

7) қанықпаған мұнай өнімі - Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сай келмейтін мұнай өнімі;

8) қуаты аз мұнай өнімдерін өндіруші - жобалық қуаты жылына сегіз жүз мың тоннадан кем шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу көлемін көздейтін технологиялық қондырғыларда мұнай өнімдерін өндіруді жүзеге асыратын мұнай өнімдерін өндіруші;

2012.22.06. № 21-V ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

9) мұнай беруші - осы Заңда белгіленген шарттармен өздері өндірген, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес заттай нысанда төленетін салықтар ретінде Қазақстан Республикасы алған, импортталған немесе жер қойнауын пайдаланушыдан тікелей сатып алынған шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын мұнай өнімдерін өндірушіге, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан мұнай өңдеу зауыттарына беретін жеке немесе заңды тұлға;

10) мұнай өнімдері - мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерi: бензин, авиация және дизель отыны, мазут;


11) мұнай өнімдерін беру жоспары - бөлшек сауда арқылы өткізуге бағаны мемлекеттік реттеу белгіленген, Қазақстан Республикасында өндірілетін мұнай өнімдерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ай сайынғы қажетсіну көлемі;

12) мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізу - мұнай өнімдерін одан әрі өткізу мақсатынсыз, өз мұқтаждары үшін жеке және заңды тұлғаларға өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;

13) мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуші - мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

14) мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы беруші - мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы өткізуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

15) мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы өткізу - осы Заңда көзделген жағдайларда, мұнай өнімдерін өндірушілердің, мұнай берушілердің, өздері импорттаған мұнай өнімдерін өткізуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалардың және (немесе) мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілердің мұнай өнімдерін өткізуі кезінде мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізушілерге, сондай-ақ мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілерге мұнай өнімдерін өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;

16) мұнай өнімдерін өндіру - Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес мұнай өнімдерін алуды қамтамасыз ететін шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегі, сондай-ақ компаундтеу жөніндегі жұмыстар кешені;

17) мұнай өнімдерін өндірудің ең аз көлемі - мұнай өнімдерін өндіруші күнтізбелік жыл ішінде ай сайын одан кемітпей өндіруге міндетті мұнай өнімдерінің көлемі;


18) мұнай өнімдерін өндіру және өткізу мониторингі - мұнай өнімдеріне қажеттілікті, оларды өндіру, өткізу, тасымалдау үдерістерін, сондай-ақ бөлшек сауда және көтерме сауда бағаларының серпінін талдау;

19) мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган - мұнай өнімдерін өндіруді мемлекеттік реттеу саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

20) мұнай өнімдерін өндіруші - мұнай өнімдерін өндіруді жүзеге асыратын және өндіріс паспорты бар жеке немесе заңды тұлға;

21) мұнай өнімдерінің айналымы - мұнай өнімдерін сатып алу, сақтау, көтерме сауда және бөлшек сауда арқылы өткізу, жөнелту, тасымалдау, олардың экспорты мен импорты;

22) мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті орган - мұнай өнімдерінің айналымын мемлекеттік реттеу саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

23) мұнай өнімдерінің базасы - Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасының талаптарына сай келетін, мұнай өнімдерін қабылдауға, сақтауға, жөнелтуге және өткізуге арналған технологиялық жабдықты, резервуар паркін, техникалық құрылғылар мен коммуникацияларды қамтитын ғимараттар мен құрылыстар кешені;

24) мұнай өнiмдерiн өндiру және олардың айналымы жөніндегі бірыңғай дерекқор - өз құзыреті шегінде мұнай өнімдерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың әкімшілік деректері негізінде қалыптастырылатын, мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы жөніндегі электронды дерекқор;


25) өндіріс паспорты - мұнай өнімдерін өндірушінің өндірістік қуаттарының көрсеткіштерін, оның негізгі сипаттамаларын көрсететін, өндірістің технологиялық үдерісін сақтау үшін қолда бар жабдықтың пайдаланылуын регламенттейтін, белгіленген нысандағы құжат;

2015 жылғы 1 қаңтарға дейін 1-бабының 26) тармақшасындағы «есепке алатын бақылау аспаптарымен» деген сөздер «мұнай өнімдерін есепке алуды қамтамасыз ететін өлшеу құралдарымен» деген сөздер болып есептеледі

26) резервуар - есепке алатын бақылау аспаптарымен жабдықталған, мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушіге немесе мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізушіге меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі мұнай өнімдері базасында не мұнай өнімдерін өндірушінің өндірістік объектілерінде мұнай өнімдерін қабылдауға, сақтауға, жөнелтуге және өткізуге арналған ыдыс;

27) хабарлама - Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында мұнай өнімдерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы белгіленген талаптарды бұзушылықты жою туралы мұнай өнімдерін өндірушіге, көтерме сауда арқылы жеткізушіге немесе бөлшек сауда арқылы өткізушіге мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті орган жіберген жазбаша хабар;

28) ілеспе жүкқұжат - мұнай өнімдерінің айналымын бақылауға арналған және мұнай өнімдерін босату және қабылдап алу жөніндегі операцияларды, сондай-ақ мұнай берушілерге мұнай өнімдерін беру жөніндегі операцияларды ресімдеу үшін қажетті, жөнелтушіден алушыға дейінгі бүкіл жол бойында мұнай өнімдерімен ілесе жүретін құжат.

 

2-бап. Қазақстан Республикасының мұнай өнімдерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасы


1. Қазақстан Республикасының мұнай өнімдерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

 

3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданыста болады және мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы саласындағы қатынастарға қолданылады.

2. Осы Заңның күші:

1) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мұнай өнімдерін кәсіпкерлік қызмет мақсатынсыз өткізуі кезінде туындайтын;

2) жұмылдыру дайындығы, жұмылдыру және қорғаныс мұқтаждығы шеңберінде туындайтын мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы жөніндегі қатынастарға қолданылмайды.

 

4-бап. Мұнай өнімдерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу

Мұнай өнімдерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу:

1) Қазақстан Республикасының ішкі нарығының қажеттерін қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдаланушылардың мұнай өнімдерін өндірушілерге шикі мұнай және (немесе) газ конденсатын беру кестелерін бекіту;


2) мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін беру жоспарларын бекіту;

3) 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

4) мұнай өнімдерін көтерме сауда және бөлшек сауда арқылы өткізуді жүзеге асыру кезіндегі шарттар мен шектеулерді белгілеу;

5) мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы саласындағы техникалық реттеу;

6) мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

7) бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізудің шекті бағасын белгілеу;

8) мұнай өнімдерін өндіруге және өткізуге мониторингті жүзеге асыру;

9) мұнай өнімдерін өндіруді және олардың айналымын реттеу, мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы мәселелерін реттеуге уәкілетті шет мемлекеттердің органдарымен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жүзеге асыру бөлігінде Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету жолымен жүзеге асырылады.

 



следующая страница >>