reforef.ru 1 2 3

18-бап. Залалдар мен моральдық зиянды өтеу, туристiк
қызмет көрсету шартын өзгерту жағдайлары

1. Туристерге келтiрiлетiн залалдар мен моральдық зиянды өтеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.

2. Туристiк ұйым саяхат жасау кезiнде дүлей күштiң ықпалы салдарынан туристке келтiрiлген залал үшiн жауап бермейдi.

3. Жолаушыларды көлiктiң кез келген түрiмен тасымалдаған кезде туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға туристке жөнелтiлетiн және баратын пункттер атаулары, жолаушылардың негiзгi құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлген жеке немесе топтық (туристер тобына қызмет көрсету кезiнде) тасымалдау құжатын (билетiн) беруге мiндеттi.

4. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға туристің төтенше жағдайға тап болғаны туралы туристің отбасын өз есебінен жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

5. Өлшеуге берiлмеген жүктi тасымалдау, оның сақталу жауапкершiлiгi туристке жүктеледi. Егер туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға билет, жүк квитанциясын немесе тасымалдауға қабылданған жүктiң жөнелтпе құжатын берсе, бiрақ олар дұрыс ресiмделмеген болса немесе жоғалса, немесе оларды қандай да бiр басқа себептермен ұсыну мүмкiн болмаса, тасымалдау шарты күшiнде қалады.

6. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға шартпен көзделген мән-жайлар өзгерген жағдайда және шарттың талаптарын елеулi түрде өзгерту қажет болған жағдайда туристке жазбаша нысанда осындай өзгерiстердiң сипаты және ықтимал салдарлары туралы дереу хабарлауға мiндеттi.
Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

19-бап. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар

1. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар өз филиалдары мен өкiлдiктерiн ашуға құқылы.

2. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар әдiлет органдарында тiркелген, туристік қызметті жүзеге асыратын басқа тұлғалардың атауларын пайдалана алмайды.
Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.15 N 461-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

20-бап. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың
бірлестіктері

Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар және туристік индустрияның өзге де тұлғалары өздерiнiң кәсiптiк қызметiн үйлестiру, сондай-ақ ортақ мүдделердi бiлдiру және қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қауымдастықтар (одақтар) нысанында бiрлестiктер құра алады.
Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

21-бап. Туристердiң бiрлестiктерi

Қазақстан Республикасының азаматтары туристердiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау, туризмді дамытуға жәрдемдесу мақсатында қоғамдық бiрлестiктер құра алады.

22-бап. Туристiк қызмет саласындағы мамандарды
кәсiптiк даярлау

1. Туризм саласындағы мамандарды кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды бiлiм беру саласында тиiстi лицензиялары бар бiлiм беру ұйымдары жүзеге асырады.

2. Туристік қызмет саласындағы мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

23-бап. Гид (гид-аудармашы), туризм нұсқаушысы,
экскурсовод

Қазақстан Республикасының азаматы ғана гид (гид-аудармашы), туризм нұсқаушысы, экскурсовод бола алады.

4-тарау. ТУРИСТIҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI,

ТУРИСТIҢ ҚАУIПСIЗДIГIН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

24-бап. Туристiң құқықтары

Транзитті қоса алғанда, саяхатқа әзірленген, саяхат жасаған кезде туристiң:

1) өзiнiң жеке басына немесе мүлкiнiң қауiпсiздiгiне қол сұғылған жағдайда консулдық, дипломатиялық, өзге де мемлекеттiк, сондай-ақ туристiк өкiлдiктерге өтiнiшпен жүгiнуге;

2) уақытша болатын елге (жерге) бару, сондай-ақ уақытша болған елден (жерден) шығу және сонда болу ережелерi туралы, уақытша болатын ел (жер) заңнамасының ерекшеліктері туралы, жергiлiктi халықтың әдет-ғұрпы туралы, дiни салт, қасиеттi орындар, табиғи, тарихи, мәдени ескерткiштер және туристерге көрсетiлетiн, ерекше қорғаудағы басқа да объектiлер, қоршаған ортаның жай-күйi туралы қажеттi және дұрыс ақпарат алуға;

3) еркiн жүрiп-тұруға, уақытша болатын елде (жерде) қабылданған шектеу шараларын ескере отырып, туристiк ресурстарға еркiн қол жеткiзуге;

4) туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға туристiк қызмет көрсету шартын орындамаған жағдайда келтiрiлген залал мен моральдық зиянның Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өтелуiне;

5) шұғыл медициналық жәрдем алуға;

6) шетелдік туристердiң құқықтық көмек және көмектiң өзге де түрiн алуына Қазақстан Республикасының мемлекеттiк билiк органдарының жәрдемдесуiне;

7) туристердiң қолда бар байланыс құралдарына кедергiсiз қол жеткiзуiне құқығы бар.
Туристердiң өзге құқықтары болатын елдiң (жердiң) заңдарымен айқындалады.
Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

25-бап. Туристiң мiндеттерi

Саяхат жасаған кезде, транзиттi қоса алғанда, турист:

1) уақытша болатын елдiң (жердiң) заңдарын сақтауға;

2) уақытша болатын елдегi (жердегi) қоршаған ортаны сақтауға, табиғи, тарихи және мәдени ескерткiштерге ұқыпты қарауға;

3) уақытша болатын елге (жерге) келу және онда болу, сондай-ақ уақытша болатын елден (жерден) кету ережелерiн және транзиттiк жүрiп өтетiн елдердегi ережелердi сақтауға;


4) саяхат кезiнде жеке өзiнiң қауiпсiздiгi ережелерiн сақтауға мiндеттi.
Туристiң өзге мiндеттерi болатын елдiң (жердiң) заңдарымен айқындалады.

26-бап. Туристердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету

1. Қазақстан Республикасының аумағында туристердiң қауiпсiздiгiне Қазақстан Республикасы кепiлдiк бередi. Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасының турист-азаматтарына оның шегiнен тыс жерлерде қорғау және оларға қамқорлық жасау кепiлдiгiн бередi.

2. Туристердiң қауiпсiздiгi деп туристердiң жеке қауiпсiздiгi, олардың мүлкiнiң сақталуы және саяхат кезiнде қоршаған ортаға залал келтірмеуі, сондай-ақ туризмді заңсыз көші-қон мен үшiншi елдерге транзит, азаматтарды сексуалдық, еңбек және өзге де мақсаттарда пайдалануға жол бермеуге бағытталған шаралар кешенi түсiнiледi.

3. Уәкiлеттi орган туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды және туристердi уақытша болатын елдегi (жердегi) ықтимал қауiптер туралы хабардар етедi.

4. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар туристерге саяхат басталудан үш күн бұрын жазбаша түрде уақытша болатын елге (жерге) бару, уақытша болған елден (жерден) шығу және сонда болу ережелері туралы, заңнамасы туралы, жергілікті халықтың салт-дәстүрлері туралы, діни әдет-ғұрпы, қасиетті орындар, табиғи, тарихи, мәдени ескерткіштер және туристерге көрсетілетін, ерекше қорғаудағы басқа да объектілер, қоршаған ортаның жай-күйі туралы, сондай-ақ саяхат жасаған кезде тап болуы мүмкін қауіптер туралы қажетті және дұрыс ақпаратты қамтитын саяхаттың ерекшеліктері туралы мәліметтер беруге және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шараларын жүзеге асыруға міндетті.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

5. Туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар уәкілетті орган мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органға, сондай-ақ туристің отбасына саяхат кезінде туристің төтенше жағдайға ұшырағаны туралы білген немесе білуге тиіс кезден бастап дереу хабарлауға міндетті.

Егер шетелдік туристер - Қазақстан Республикасының аумағында немесе Қазақстан Республикасының турист азаматтары Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде төтенше жағдайға ұшыраған болса, туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар дипломатиялық қызмет органдарына да хабарлауға міндетті.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

6. Өзi уақытша болатын елге (жерге) саяхат жасағысы келетiн туристер халықаралық медицина талаптарына сәйкес профилактикадан өтуге мiндеттi.

7. Қазақстан Республикасының аумағында қасiретке душар болған туристерге қажеттi көмектi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мамандандырылған қызметтер жүзеге асырады.

8. Уәкiлеттi орган мүдделi министрлiктермен және басқа да атқарушы органдармен бiрлесiп, туристердi қорғау және олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бағдарламасын әзiрлеп, оның орындалуын ұйымдастырады.

9. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкімдігі туристердi қорғаудың және олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң аймақтық бағдарламасын әзiрлеп, оның орындалуын ұйымдастырады.
Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13, (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

27-бап. Туристiк қызметтi жүзеге асыру кезiндегi
сақтандыру

1. Халықаралық шарттарда, уақытша болатын елдiң (жердiң) заңдарында көзделген реттерде, туроператор немесе турагент, турист өмiрi мен денсаулығын сақтандыру туралы куәлiктi табыс еткен жағдайда шетелге шығу көзделетiн туристiк жолдаманы сатады.

2. Сақтандыру шартында туристке медициналық көмек көрсету ақысы және сақтандыру жағдайы тiкелей уақытша болатын елде (жерде) туындаған кезде олардың шығынының орнын толтыру көзделуге тиiс.

3. Қазақстан Республикасының Yкiметi Қазақстан Республикасының аумағына келетiн туристерге өмiрi мен денсаулығын сақтандыру туралы куәлiгi болуы жөнiнде талап белгiлеуге құқылы.


4. Туроператор мен турагент туристiк қызмет көрсетуге жасалған шарттардан туындайтын азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыруға мiндеттi.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

28-бап. Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы
заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

28-1-бап. Туристік қызмет саласындағы мемлекеттік
бақылау

1. Туристік қызмет саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
2. Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 28-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

29-бап. Өтпелi ережелер

Осы Заң қолданысқа енгiзiлген кезде туристiк қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап алты ай мерзiм iшiнде өз қызметiн осы Заңға сәйкес келтiруге мiндеттi.

Қазақстан Республикасының

Президенті


<< предыдущая страница