reforef.ru 1 2 3



Қолжазба есебінде
Т.ЖҮРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫ
СҰЛТАНОВА ЖАҢАГҮЛ СЕРДАЛЫҚЫЗЫ


Ә.Тәжібаев драматургиясының сахналық көрінісі

(1930-1970)
Сценические постановки драматургии А.Тажибаева

(1930-1970)

Өнертану магистрі академиялық дәрежесін қорғау

рефераты


Алматы, 2011

Жұмыстың жалпы сипаттамасы
Зерттеудің өзектілігі: Еліміздің егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіздіктің туын желбіреткеннен кейін қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, әдебиет зерттеушісі, талантты тәржімашы, ірі драматург Әбділда Тәжібаевтың кең ауқымды шығармашылығын жан-жақты зерттеуге мүмкіндік туды. Бұл жұмыс драматургтың әр жылдары қазақ сахнасының жаңалығы болған алуан түрлі тақырыптардағы пьесаларын тереңдете зерттеуге арналды.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері: Жұмыстың мақсаты – Қазақ сахнасында 1930-1970 жылдар аралығында Ә.Тәжібаев драматургиясы негізінде қойылған спектакльдердің театр өнерін дамытуға тигізген ықпалын анықтау.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Магистрлік жұмыс - Ә.Тәжібаевтың өнердегі мұрасын жан-жақты қамтып, бүгінгі жаңарған көзқарас тұрғысынан қарастырылған алғашқы біртұтас еңбек. Тақырыптың жаңашылдығы -жазушының драматургтік қызметіне сипаттама беріліп, оның қазақ театры тарихындағы орны белгіленеді.

Тақырыптың ғылыми зерттелу деңгейі: Ә.Тәжібаевтың драматургиялық шығармалары күні бүгінге дейін арнайы зерттеу нысаны болған емес. Ол осы жұмыста алғаш рет магистрлік деңгейінде зерттеліп, жазушының драматургтік шеберлігіне, театр өнеріндегі мұрасы мен еңбегіне лайықты баға берілді. Ә.Тәжібаевтың өмірі мен ақындығы және ғалымдығы туралы ұлттық энциклопедияда, әртүрлі жинақ кітаптарда, ғылыми еңбектер мен монографиялық жұмыстарда кеңінен жазылған. Кезінде А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатұлы, С.Қожанұлы, Т.Жүргенов, Н.Төреқұлұлы, С.Сапарбекұлы, Т.Рысқұлұлы секілді қайраткерлер ақын дарынын дәл танып, оның шығармашылығы туралы жылы лебіздер білдірген. Бұлардан бөлек, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов сынды ақын-жазушылар өздерінің соңын ала әдебиет көшіне ілескен Ә.Тәжібаевтың ақындық даралығын өз уақытысында тани білген. Белгілі өнертанушылар мен әдебиеттанушылар, филологтар, ірі ғалымдар М.Әуезовтің, С.Мәуленовтің, С.Ордалиевтың, Р.Нұрғалиевтың, Қ.Ергөбектің, театртанушылар Қ.Қуандықовтың, Б.Құндақбаевтың, Ә.Сығайдың, А.Қадыровтың, Б.Нұрпейістің ғылыми зерттеу жұмыстары мен газет-журналдарда жарияланған мақалалары Ә.Тәжібаев еңбектерінің назардан тыс қалмағанын көрсетеді. Ә.Тәжібаевтың драматургиялық туындыларының сахналық көрінісі жайлы кезінде мерзімді басылымдарда жарық көріп тұрған. Дарынды талант иесінің драмалық шығармалары әр жылдары «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан»), «Советская культура», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан», «Сарыарқа самалы», «Әдебиет айдыны», «Алматы ақшамы» газеттері мен «Жұлдыз», «Қазақстан мектебі» журналдарында жан-жақты талданған. Ал «Қазақ театрының тарихында» драматургтің алғашқы пьесалары негізінде жарық көрген спектакльдер туралы пікірлер айтылған. Дегенмен де, Ә.Тәжібаев драматургиясының қазақ театр өнерін дамытудағы рөлі кеңінен талданып, театртанушылық тұрғыдан жан-жақты сараланбаған. Сондықтан да осы өзекті мәселеге тікелей назар аударып, арнайы ғылыми жұмыс жазуды мақсат тұттық.


Зерттеу нысанасы: Ә.Тәжібаевтың 1930 – 1970 жылдары жазылған драмалық туындылары.

Зерттеудің дерек көздері: Магистрлік жұмыста Қазақстан Республикасының Ұлттық және Орталық ғылыми кітапханаларындағы, Республикалық театрлардың мұрағаттарындағы материалдар мен баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар, монографиялар, ғылыми зерттеу еңбектер зерттеуіміздің дерек көздеріне айналды.

Жұмыстың практикалық құндылығы: Бұл жұмыста ұсынылған тұжырымдарды “Қазақ театр тарихына” арналған және драматургияның дамуы жайлы арнайы курстарда, өнер академиясында, өнер колледждерінде оқу құралы ретінде қолдануға болады. Сонымен қатар, зерттеу жұмысының материалдары мен негізгі деректері келешекте Ә.Тәжібаевтың шығармашылығын зерттеушілерге көмегін тигізеді.

Жұмыстың құрылымы: Магистрлік жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланған әдебиеттер тізімі берілген.
Жұмыстың жалпы мазмұны
Кіріспеде зерттеу тақырыбының өзектілігі, зерттеудің басты мақсаттары мен міндеттері, еңбектің ғылыми жаңалығы сөз болып, тақырыптың зерттелу деңгейі, зерттеу нысанасы, жұмыстың практикалық құндылығы жөнінен мәліметтер беріледі. Онда қорғалуға ұсынылатын ғылыми зерттеудің жалпы тұжырымдамасы, сондай-ақ еңбектің құрылымы ұсынылады. Зерттеу шеңбері драматургтің 1930-1970 жылдары жазған драмалары негізінде қойылған спектакльдерді қамтиды.

«Ә.Тәжібаев комедияларының қазақ сахнасындағы орны» деп аталатын бірінші бөлім заманында «үлкен ойдың сыршыл ақыны» атанған ақын-драматургтің өзі үшін тың сала болып табылатын драматургияға келу жолдарын баяндаудан басталады. Өзінің алдындағы буынның өкілдерінен қолдау алған қаламгер өз уақытын жырлауда қатарластарымен жарыса қалам тербеді. Ә.Тәжібаевтың тынымсыз ізденісі мен талпынысы оның жаңа туындылары қатарын көбейте түсті. Осы қадамы оны драматургия саласындағы кең ауқымды ізденістерге де жеткізді.

Ақын-драматург Ә.Тәжібаевтың драмаға қызығушылығы өткен ғасырдың 40-шы жылдары басталды. Сол тұста оның М.О.Әуезовпен бірге жазған «Ақ қайың» пьесасы республикалық бәйгеде жүлде алды. Бұдан кейін драматург қаламынан аңыздық, мифтік желілерге құрылған «Жомарттың кілемі», «Көтерілген күмбез», «Біз де қазақпыз» (кейін «Халқым туралы аңыз» аталды) атты пьесалар туды. Бірақ бұл драмалық туындыларда кеңестік идеологиядан ауытқушылық бар деген желеумен кейін ақын қуғынға ұшырады. Сол кезде аталмыш шығармалар БК(б) П ОК-нің «Драмалық театрлардың репертуары және оны жақсарту шаралары туралы» қаулысында (26.8.1946) сынға алынды.


Драматург Ә.Тәжібаев 1964 жылы «Жүректілер» атты пьесалар жинағын шығарып, оған «Майра», «Жалғыз ағаш орман емес» (алғаш «Гүлден, дала!» деген атпен басылған), «Көңілдестер», «Қыз бен солдат», «Монологтар» драмалары мен «Той боларда», «Дубай Шубаевич» сынды комедиялық туындыларын енгізді. Драматург қазақ театры репертуарының кестесін осындай мазмұнды, салмақты шығармалармен толтырды. Шебер жазушы үздіксіз ізденістің арқасында осы жылдары «Өмір және поэзия» (1960), «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» (1971) атты монографиялық зерттеулері мен сыни мақалалар жинағын жарыққа шығарды. Бұл жазушының қазақ драматургиясының дамуына қосқан көрнекті еңбектерінің бірі болып табылады.

Ә.Тәжібаевтың пьесалары аса мықты тартыстан тұрмаса да, қызу шиеленістерге құрылған. Оның драмалық шығармалары жайлы белгілі театр сыншысы Б.Құндақбаев: «Ә.Тәжібаевтың драмалық шығармалары оқиғаның қызықтылығымен, көркемдік әсерлілігімен жұртшылықтың жүрегіне жол табады. Ақынның бұл саладағы шығармаларынан поэзия самалы есіп тұрады, ой еркіндігі сезіледі. Сондықтан монолог пен диалогтарда ішкі қуат, екпін күшті. Және соның барлығы жанр табиғатына саяды» [1, 22] , - деп көрсетіп, оның пьесаларының ерекшеліктерін дөп басқан. Енді осы ойды жалғастыра кетсек, Ә.Тәжібаев кейіпкер мінездерін қарама-қарсы қойып, қақтығыс тудыратын оқиға әрекетін шарықтау шегіне дейін бірте-бірте өрбітеді.

Ә.Тәжібаевтың драмалық шығармалары 1940–1970 жылдары театр репертуарларынан ойып орын алды. Оның әр алуан тақырыптағы поэтикалық туындылары театрдағы режиссерлік және актерлік өнердің үйлесімді дамуына айрықша әсер етті. Драматургтің М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік театрында әр жылдары «Жомарттың кілемі», «Гүлден, дала!», «Дубай Шубаевич», «Майра», «Жалғыз ағаш орман емес», «Той боларда», «Көңілдестер», «Халқым туралы аңыз», «Мә-әқаббат? Махаббат» атты драмалары қойылды.

Ал Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ академиялық жастар мен балалар театрында «Жомарттың кілемі», «Жартас», «Қыз бен солдат», «Сағынамын күн сайын» сынды пьесалары сахналанды.


Ә.Тәжібаев келешек ұрпағына өлмейтін мұра қалдырып кетті. Оның халқына таратқан жырларын бүгінгі күнге дейін сүйсініп оқитынымыз рас. Әр жыл сайын газет-журналдардың барлығы ақынның қайтыс болған күніне арнап мақалалар жазады.

Ә.Тәжібаевтың комедиялық шығармалары қазақ театрының қалыптасып, дамуына үлкен үлес қосты. Ол ХХ ғасырдың қаһарлы да қатал тұстарын өзінің поэзия әлемімен, драмалық туындыларымен жеткізді. Бірінші бөлім осылардың бәрін тарқатып баяндап береді.

Екінші бөлімде «Ә.Тәжібаевтың поэтикалық тілмен жазылған пьесаларының рөлі» туралы жан-жақты сөз қозғалады. Бұл тектен-тек емес. Өзі өмірге ақын болып келген, шығармашылығының басым бөлігін поэзия құрайтын Ә.Тәжібаев үшін пьесаны поэтика тілімен құрастыру оншалықты бөтен нәрсе емес еді.

Оның үстіне қазақ театрының алғашқы қалыптасу кезеңінде сахнада тек өлеңмен жазылған классикалық пьесалар ғана қойылды. Осы жылдары сахналанған М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Қобыланды», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері–Ақтоқты» драмалары қазақ драматургиясында поэтикалық пьесалардың тууына жол ашты. Ал орыс поэзиясында көркем бай тілімен сыр шерткен А.Пушкин, А.Блок, С.Есенин, А.Твардовский туындылары қазақ ақындарының жаңа толқынына әсер етті.

М.Әуезов пен Ғ.Мүсіреповтен кейін пьесаны поэтикалық тілмен жазу жолын Ә.Тәжібаев жалғастырып әкетті. Оның ақындық шабытынан туған шығармалары поэтикалық екпінге, лирикалық сезімге және романтикалық сарынға толы. Ол кеңес адамдарының кесек бейнелері мен саяси-әлеуметтік тақырыптарды амалсыз мақтаса, шындықты шынайы сынады. Ә.Тәжібаев шығармаларының идеялық бағыты «социалистік ыңғайдағы жағымды және жағымсыз кейіпкерлермен» тығыз байланысып жатты. Өйткені кеңестік социалистік реализмнің темірдей қатаң талабы мен бітпейтін қоғамдық, отандық үндеулері басты тақырыпқа айналды. Драматург сол кеңес заманындағы нағыз өмір қайшылықтарын, адамдардың мінез қақтығыстарын өндірістік әрі патриоттық шартты тақырыптармен жеткізді.

Ә.Тәжібаевтың поэтикалық пьесалары Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрының сахнасында 60-70 жылдары қойыла бастады. Оның «Қыз бен солдат» (1967 ж.), «Монологтар» драмалық поэмалары театр сахнасында эксперимент ретінде қойылды. Ақын-драматург поэтикалық пьесалары туралы: «...драматургияда да ақын болып жүргенді, ақын сөзін сөйлегенді ұнатамын. Менің мұндай талаптарымның белгілерін (аз да болса) барлық жазғандарымнан табуға болады. Әсіресе, «Майра», «Жартас», «Көтерілген күмбез», «Жомарттың кілемі» сияқты шығармаларда осы белгілер бар: бұлар өлеңмен жазылған», – дейді. Ал «Монологтар» атты драмалық поэмасы жайында: «Мұндағы драмалық линияны ұстап отыратын екі персонаж бар. Оның бірі автор да, екіншісі уақыт. Заманды, адамды қалай біліп, қалай жырлау туралы тартыс осы екеуінің арасында жүріп отырады да, автордың жыр етемін деген тарихи адамдары өзі туралы монологтарын айтады. Мен уақытты барлық шындықтың әділ кепілі, асып-тасып кететін ақынның сыншысы және ол сөзбен жасайтын иллюзияларды бұзушы ретінде алдым», [2, 48], - деген. Драматургтің ойынша, ақынның заманды, адамды жырлаудағы негізі уақыттың еншісіне байланысты болмақ. Яғни уақыт әр нәрсенің әділ кепілі мен сыншысы екеніне көз жеткізеді.


Ә.Тәжібаев – поэтика тілімен жазылған спектакльдердің қазақ театры сахнасынан орын алуын бастап берген драматург. Оның поэзия әлемінен өрілген шығармалары қазақ драматургиясындағы жарқын жаңалықтардың бір болды. Бұл бөлімде сондықтан да талантты суреткердің «Қыз бен солдат», «Майра», «Жомарттың кілемі» деп аталатын поэтикалық пьесаларының сахналық қойылымы толық талданады.

Ә.Тәжібаевтың поэтикалық шығармалары өз уақытысында көрерменнің көңілінен шығып, театрдың ізденіс ауқымын биіктетті. Оның кейіпкерлерінің қағытпа қалжың мен ойнақы әзіл-оспаққа толы сөздері философиялық мазмұнда, көркемдік реалистік бағытта көрсетілді. Драматургтің кеңес қоғамының саяси және әлеуметтік өмірін кең қамтитын поэтикалық шығармалары патриоттық рухпен ұштастырылып, шынайы махаббат сазына толы болып шыққан.

Ә.Тәжібаев - В.Шекспир, Ж.Мольер, Н.Гоголь, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сияқты классик драматургтердің поэтикалық жазу үрдісін өз бойына сіңіре білген сыршыл ақын. Оның қаламынан туған осындай дарынды туындылары қанша замана алмасқанымен, өзінің құндылығын жоғалта қоймайды.

Қорытындыда зерттеу жұмысының нәтижелері ұсынылады. Поэзия мен драматургия жанрларында қатар қалам сілтеген Ә.Тәжібаевтың шығармаларының негізгі тақырыбы адам тіршілігіндегі еңбек рөлінің маңызын, адамшылық биік мұрат пен парызды, табиғат көріністерін суреттей отырып, жақсы адамдардың жарқын бейнесін сомдап, жамандық атаулыдан жирендіруге арналған. Ол Кеңес өкіметі қол астындағы халықтың өмірі мен тыныс-тіршілігін нанымды бейнелей білді. Оның суреттеуіндегі әрбір бейненің қоғамдағы өзіндік орны, анықталған әлеуметтік сатысы, тұрмыстық жағдайына қарай өзіндік ой-тұжырымы бар. Әрқайсысы өзіне тән мінезімен, ұтқыр тілімен ерекшеленеді. Оның кейіпкерлері өмірге қабілетті әрі күрескер.

Ә.Тәжібаевтың драматургия жанрында жазған туындыларын талдай отырып, олардың өзіндік ерекшеліктері мен тақырыптық құндылықтарын қарастырсақ, онда мынадай тұжырымдарға тоқталуға болады:


1). Ә.Тәжібаев шығармаларының көркемдік дәрежесі мен идеялық мазмұны социалистік құрылыстағы табыстар мен өрескел қателіктерді нақты сипаттауынан тұрды;

2). Көркемдік өрістерді ұдайы іздейтін ақын-драматург үш айқын салада жемісті еңбек етті: біріншісі – лирикалы әрі сырлы өлеңдер жазды, екіншісі – философиялық құнды поэмаларды көркем тілімен жырлады, үшіншісі – символдық бейнелеу тәсілдерін қолдана отырып, драматургиялық пьесаларды дүниеге әкелді;

3). Шебер суреткер поэзия, проза, драматургия, әдебиет сыны жанрларында қос-қатар табысты еңбек ете білді;

4). Қарымы кең, қаламы қуатты ақын туындыларындағы негізгі тақырыптар – табиғаттың көркем сұлулығы, адам тіршілігі мен адамгершілігі, өмірдегі адал еңбектің қоғамдағы рөлі;

5). Ә.Тәжібаев кеңес әдебиетіндегі «тартыссыздық теориясы» деп аталатын метафизикалық тұжырымның жалған қисындарын, лирикалық өлең жолдарымен жеңе білген ақын;

6). Қаламгердің поэтикалық шығармалары мен пьесаларында ұлттық мінез бен халықтық рух кеңінен байқалалады;

7). Ә.Тәжібаевтың драмалық туындыларының ішінде «Жомарттың кілемі», «Көтерілген күмбез», «Біз де қазақпыз» үштігінің орны ерекше. Бұл үш пьесада қазақтың бодандыққа айналғаны мен бостандыққа ұмтылу жолдары әр қырынан ашылған;

8). «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Дубай Шубаевич», «Той боларда» комедияларында замандас бейнесін әсерлі суреттеген;

9). «Қыз бен солдат», «Майра», «Жомарттың кілемі» пьесалары поэтикалық тілмен жазылған туындылары көркемдік тәсілдер мен қанық бояуларға толы;

10). Ақынның поэтикалық сарында жазылған пьесалары сырлы әрі екпінді диалогтар мен монологтардан тұрады

11). Ә.Тәжібаев шығарма тақырыптарының символдық, философиялық, астарлы, мазмұнды атауларына мән берген;

12). Драматургтің пьесаларынан жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің бейнелері сезіледі;

13). XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Батыс Еуропа театрындағы Метерлинк пен Ибсеннің символизм бағытын өз шығармаларында қолданды;


14). Соғыстан кейінгі қазақ драматургиясында кеңес өкіметі тақырыбына арналып жазған пьесалардың ішінде тартыс құрылымы мықты дүниелер санаулы ғана болған. Солардың ішінде Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббат» (1947 ж.), «Күншілдік» (1955 ж.), Ә.Тәжібаевтың «Гүлден, даласы» (1952 ж.), Ғ.Мұстафиннің «Миллионер» (1950 ж.), М.Иманжановтың «Менің махаббатым» (1952 ж.), тағы да басқа шығармалары қазақ драматургиясы жанрын дамыта түсті.

Ә.Тәжібаев қазақ драматургиясының дамуына елеулі үлес қосты. Ақынның шабытты шалқар дүниелері режиссер және актерлік өнерге жаңа поэтикалық бағыт ашты. Оның замандас бейнесі мен поэзиясынан нәр алған Қ.Қуанышбаев, Қ.Бадыров, Р.Қойшыбаева, С.Майқанова, Б.Римова, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Қ.Қармысов, Х.Бөкеева, Т.Тасыбекова, Н.Мышбаева, Г.Ғалиев, Г.Сыздықова, С.Оразбаев, Ә.Мұсабекова, Р.Сейтметов, М.Сүртібаев секілді сахна сахлақтары үлкен табыстарға қол жеткізді. Сонымен қатар, драматург өзінің пьесаларында ХIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Батыс Еуропа театрында Метерлинк пен Ибсеннің қалыптастырған символизм бағытына да еліктеушілік байқалады. Айналып келгенде, сырлы сөз шебері поэтикалық шығармаларында гуманистік пафосты жандандыра түсті.


следующая страница >>