reforef.ru 1
СОТ САҢЛАҚТАРЫ

ӘДIЛДIКТIҢ ӘЗ ЖОЛЫНДА
Ширек ғасыр қызмет етiп келе жатқан Моряк Шегенов хақында
Киелi топырақтың перзентi топырағына тартып туады. Сол топырақтан тамыр тартатын пенде баласын ұшпаққа шығаратын түптеп келгенде негiз ғой. Қарағанды облыстық сотының қылмыстық iстер жөнiндегi алқасының төрағасы Моряк Смағұлұлы Шегеновтiң кiр жуып, кiндiк кескен туған жерi – исi қазаққа мәшһүр Успен (Нiлдi) елдi мекенi. Бұрынғы Жезқазған облысының құрамына енген бұл мекендi қазiр жұрт қазақтың жалпақ тiлiмен “Өспен” атап кеткен. ХIХ ғасырдың орта шенiнде бұл жерде ағылшын конциссионерi Нельсон Фелль шахта ашып, мыс алған екен. Сөйтiп марғау жатқан Сарыарқа төсiне өндiрiспен бiрге ағартушылық пен қоғамдық пiкiрге қозғау салған еркiн ой да қоса келген. Содан да болар, Арқаның өзге өңiрiнен гөрi осы Өспеннен заманының алғыр ойлы жақсысы мен жайсаңы көптеп шықты. Алысқа бармай-ақ, Нiлдiнiң зауытынан шындалып, заманының iрi тұлғасы болған бiр ғана Сәкен Сейфуллиндi ауызға алғанымыздың өзi көп жайттан мағлұмат берсе керек. Мiне, Арқаның сары белiндегi қасиет тұнған осынау топырақта туған Моряк Смағұлұлының тегiне тартып тумасына, негiзге тартпай қоймасына себеп жоқ едi.

Алғашқы мүшелiнен асқанында әкесi Смағұл дүниеден өттi. Әкесi марқұм қара шаруа болса да кеудесi алтын сандық, көңiлi сергек, ойы жүйрiк жан болатын. Бала Моряктың санасында жарықтық әкесiнiң: “Алдымен бiлiм алыңдар. Бiлiмдiнi бақ-дәулеттiң өзi iздеп табады”-деген өсиетi мәңгi жатталып қалды. Бiр шаңырақтағы үйелмелi-сүйелмелi бес ұл, үш қыз едi, алдымен Алланың, одан кейiн анасының арқасында бәрi де адам қатарына қосылды. Әке өсиетiне адал болып, бәрi де жоғары бiлiм алды. Әр салада қызмет етiп, “Шегеновтер” деген ататекке кiр келтiрмедi.

Үлкенi кiшiсiне үлгi болып, кiшiсi үлкенiн құрмет тұтқан отбасында өскен Моряк ерте есейдi. Не нәрсеге болсын байсалды қарап, iстiң ақ-қарасын айырып, ара-жiгiн ажыратуға деген құлшынысы бала кезден қалыптаса бастаған. Содан да болар балаң қиял алып-ұшып, жасынан “заңгер болсам” деп арман қылды. Сол арман орта мектептi тауыса сала Қарағанды мемлекеттiк университетiнiң заң факультетiне алып келген-дi. Алғашында жолы болмай, конкурстан құлады. Сөйтiп, 1974 жылы Кеңес Армиясының қатарына шақырылып, екi жылдық әскери борышын өтеп келдi. Әскердiң қатал тәртiбiне шыныққан, тепсе темiр үзетiн жастың көкiрегiндегi бала күнгi арманның шоғы сөнбеген екен, нартәуекел етiп тағы да КарМУ-дың есiгiн қақты. “Талпынған жетер мұратқа” деген бар емес пе, бұл жолы дiттеген жерiнен шығып, студент атанды. Қайран дәурен студенттiк шақ артта қалып, 1982 жылы қалтасында күректей дипломы бар Моряк Смағұлұлы өзiнiң еңбек жолын бұрынғы Жезқазған облысында прокуратура саласында бастады. Прокуратура органдарында әртүрлi деңгейде жетi жылға жуық уақыт жемiстi қызмет еттi.


1989 жылы Жезқазған қалалық сотының судьясы болып сайланды. Осыған дейiн заңдылықтың сақталуын қатаң қадағалап келген Моряк Смағұлұлына ендiгi жолда қара қылды қақ жаратын принциптi ту еткен саланың қыры мен сырына терең үңiлуiне тура келдi. Ерiнбей-жалықпай iзденiс пен кәсiби бiлiктiлiгiн үздiксiз арттырудың һәм өз мiндетiне асқан жауапкершiлiкпен қараудың арқасында айналасына абыройлы болып, басшылықтың да назарына iлiге бастады.

1992 жылдан 1995 жылға дейiн Моряк Смағұлұлы Жезқазған облыстық сотының судьясы болып қызмет еттi. Бұл жылдар сөз жоқ, кәсiби тұрғыда кемелдене өсiп, мол тәжiрибе жинақтаудың жарқын үлгiсiн көрсеткен табысты кезең болды.

1995 жылы Моряк Смағұлұлы Жезқазған облыстық сотының қылмыстық iстер жөнiндегi алқасы төрағасының мiндетiн атқарды. Кәсiби бiлiктiлiк пен пайым-парасатты безбенге қатар тартқан М.Шегенов аса ауыр, жауапкершiлiгi мол қызметтi абыроймен атқарды. Күрмеуi қиян талай iс әр нәрсеге байыппен қарап, ақылға салып, салмақтайтын Моряк Смағұлұлының алдында шешiмiн оңай тауып жататын. Өзгелерге басшылық жасай, үйрете жүрiп, өзi де үйренiп, кәсiби тұрғыда толыса түстi. “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген аталы сөздiң мән-мағынасын ұғып, осыны өзiнiң өмiрлiк ұстанымына айналдырған сындарлы шақ та осы тұс едi.

Жезқазған облысы таратылғанда Моряк Смағұлұлы Қарағанды облыстық сотына ауысты. 2002 жылдан берi онда қылмыстық iстер жөнiндегi алқа төрағасы. Кәсiби бiлiктiлiгi жоғары маман қай жерде болмасын iстiң қиюын, мәселенiң шешiмiн таба бiледi. Жаңа ортада М.Шегенов қол астындағыларға қатаң да әдiл талап қоятын, не нәрсеге болсын кең ауқымда объективтi тұрғыдан қарайтын басшы ретiнде танылып келедi. Қызметтес әрiптестерiне қашанда құрметпен қарайтын адамгершiлiгi мол азаматтың өзi де айналасындағылар арасында абырой-беделге ие болды. Өз iсiнiң кәсiби маманы ретiнде парасатты басшы санатында лайықты құрметтелдi.

Қазiргi таңда Қарағанды облыстық сотының қылмыстық iстер жөнiндегi алқасында жүйелi түрде жүргiзiлген жұмыс өзiнiң оң нәтижесiн берiп отыр. Жұмыс сапасы артып, iстердi қарау мерзiмiн бұзуға жол берiлмедi. Судья жұмысының сапасы ол шығарған билiктiң бұзылмауымен өлшенсе керек.


Моряк Смағұлұлының ерекше назар аударатын қасиетi - сот қызметкерлерiнiң пенделiкке бой ұрмай, әдiл заңнан аттамай, халыққа адал қызмет етуi. Яғни, тәртiп мәселесiне келгенде темiрдей қатты. Соның жемiсi болар, облыстық сотта әдiлiктiң әз жолынан тайқып, құлқынның әзәзiл тiлiне ерген судья бар деп айтуға еш негiз жоқ. “Оның тамырына балтаны аяусыз сiлтегенбiз”, - дейдi нық сенiммен Моряк Смағұлұлы.

Жыл сайын облыстық сот бiлiмдi һәм кәсiби даярлығы бар жастармен толығып, олардың бiлiктiлiгiн арттыру, тәрбиелеу iсiне мейлiнше терең мән берiле бастады. Мiне, Моряк Смағұлұлы осындай ауқымды шаруалардың қақ ортасында игiлiктi iске мұрындық болып жүр. Моряк Смағұлұлы сот саласындағы жас мамандар туралы өзiнiң пiкiрiн былайша сабақтайды:

- Бiзге, сот саласына жыл сайын жас мамандар келiп жатады. Олармен ерiнбей-жалықпай тәрбиелiк мақсатта жұмыс жасауды өзiмiздiң басты борышымыз деп бiлемiз. Өз басым жас судьяға алдымен өмiрлiк тәжiрибе керек деп ойлаймын. Неге десеңiз, олардың көбiсi жасқа тән қызбалыққа салынып, заң баптарының қыр-сырына терең үңiле бермейдi. Бұл, әрине заңды құбылыс. Өмiрден көрген-түйгенi аз жас қолында тұрған билiктiң өзiне қандай жауапкершiлiк жүктейтiнiн жете ұғына бермеуi мүмкiн. Сондықтан да, өз басым судьяның қиын да күрделi жұмысына 35-тен асқан, адам тағдырына аса жауапкершiлiкпен қарауға, қара қылды қақ жарар әдiл шешiм айтуға өмiрлiк тәжiрибесi молынан жететiн мамандарды жiберген жөн деп есептеймiн.

Моряк Смағұлұлы сот қызметiнде жүрген адамның ең алдымен ары таза, iшкi жан дүниесi бай болуы қажет деп санайды. “Оның ойлау қабiлетi, парасат-пайымы мол болуы керек. Судьяны бiр есептен адам жанын айтқызбай ұғатын, терең түсiнетiн психолог деп таныған лазым. Бойында шешендiк өнердiң ұшқыны болып, екi тiлге - қазақ және орыс тiлдерiне бiрдей жүйрiк болғаны құба-құп. Және де өз ой-тұжырымын қағазға еркiн де ұғынықты түсiре бiлгенi жөн. Мiне, осындай қасиеттердiң барлығын бiр бойына жинай бiлген адамнан сауатты да сұңғыла судья шығады дегенге өз басым күмәнсiз сенемiн, - деп ой тарқатады Моряк Смағұлұлы.


Осы айтқан қасиеттердiң барлығы Моряк Шегеновтей кәнiгi судья, iскер басшының өз басында түгелдей тоғысқан деп сенiммен айтуға болады. Содан кейiнгi бiр атап өтерлiгi, Мәкең мемлекеттiк тiлдiң қолданыс аясын кеңейтуге ерекше мән бередi. Және де қарамағындағы қызметкерлерден де осыны талап етедi.

“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекшi, саналы ғұмырында ақиқаттың жолында адамгершiлiктiң туын жықпай келе жатқан азаматқа қандай мадақ айтсаң да жарасымды. Абырой-беделдi ол еңбегiмен, өзiн қоршаған ортаға танытқан болмыс-бiтiмiнiң шынайылығымен лайықты құрметке ие болған.

Қызметте iстiң тетiгiн тамыршыдай тап басып, ауқымды да маңызды шаруалардың ұйытқысы болып жүрген Моряк Смағұлұлы отбасында ақылды жардың, аялап өсiрген ұлы мен қызының махаббаты мен шапағатына шомылған бақытты жан. Жиырма бес жыл отасып келе жатқан зайыбы Роза “Казкоммерцбанктiң” Қарағанды облыстық филиалында қызмет етедi. Тұңғышы Ләйле “шеше көрген тон пiшер” дегендей, анасына елiктеп, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың экономика факультетiн тәмамдап, банк саласында қызмет етiп жүр. Ал ұлы Ерлан болса әке жолын таңдады. Қазiр ол Қарағанды мемлекеттiк университетiнiң заң факультетiнiң 3-шi курсында оқиды. Жас мамандарға жалықпай ұстаздық қылатын Моряк Смағұлұлы өзiнiң кiндiгiнен тараған ұрпағының тәрбиесiне де ерекше мән бередi. Олардың бойына әрбiр саналы адам баласының бойында болуға тиiс жауһар да дара қасиеттердiң дәнiн сiңiрудi өзiнiң әкелiк борышы һәм өмiрлiк ұстанымы санайды.

Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнiн айтар болсақ, заң және сот саласында ширек ғасырдай қызмет етiп келе жатқан Моряк Смағұлұлының өнегелi өмiр жолы кейiнгi жастарға үлгi қыларлық мүбәрәк iс. Ердiң жасы елуге келген Моряк Смағұлұлы өркениет көшiнiң сүрлеуiне түскен тәуелсiз мемлекетiмiзде жасалып жатқан құқықтық реформалар мен бағдарламаларға мол тәжiрибесiне сүйене отырып үлес қоса берудi өзiнiң өмiрлiк мұраты санайды. Оның сот саласына сiңiрген еңбегi де аталмай қалып жүрген жоқ. 2005 жылы “Қазақстан Республикасының Конституциясына–10 жыл” атты мерекелiк медалiмен марапатталған.

Қарағанды облыстық сотының барша ұжымы ердiң жасы елуге келген Моряк Смағұлұлын мерейтойымен шын жүректен құттықтап, отбасына бақыт, еңбегiне жемiс тiлейдi. Бiз Сiздi мақтаған жоқпыз Мәке, бiз Сiзбен мақтанамыз!

Қарағанды облыстық сотының ұжымы.