reforef.ru 1
Серінің ескерткіші


Астана төрінде тұрсын!

«Ауылым қонған Сырымбет саласына»,–деп қазақ сахарасын өзінің мәңгі өлмес әнімен әлдилеп кеткен Ақан сері Қорамсаұлының ән өнеріндегі тарихи мұрасы кез-келген тарихи кезеңдердің бәрінде де ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қала берері анық. Тәңірінің тас маңдайына жазғаны болар, сері Ақанның өз тіршілігіндегі ғұмырының трагедиясы күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқандай.

1993-ші жылы Елбасының қолдап, көмек көрсетуімен Ақан серінің 150 жылдығына орай, бұрын-ғы қонысының маңынан су жаңа ауыл салынған-ды. Ол Ақан сері ауылы аталды. Үйлері қос қабатты етіліп, коттедж үлгісімен салынған ауылда бәрі де болған еді. Бұл ауылға атақты мүсінші, марқұм Төлеген Досмағанбетовтың қолынан шыққан Ақан серінің тамаша ескерткіші де орнап қал-ған-ды. Серінің ауылына Елбасы Өзбекстан, Қырғызстан Президенттерімен де келіп, сүйсініп, қуанғаны да елдің есінде.

1997-ші жылы Көкшетау облысының әкімшілік шекара өзгерістерінің нәтижесін-де Айыртау жері, соның ішінде Ақан сері ауылы да Солтүстік Қазақстан облысына қарап кетті. Бұл ауыл Көкшетаудан 80, ал, Солтүстік Қазақстан облысының орталығынан 250 шақырымда жатыр. Осы жағдай ма, болмаса тоқсаныншы жылдардағы уақытша болған қиыншылықтар әсер етті ме, ауыл адамдары тағы да бұл арадан ірге көтеріп, көше бастады. Қазір 60 үйлі ауылдан 15 шақты ғана үй қалды. Көшкен жұрт өз үйлерін бұзып алып кетіп жатыр.

Ақан серінің ескерткіші үйінділердің арасында қалып отыр. Бәріңіз білесіздер, Құлагер мерт болған Ерейментау даласына орнатылған Құлагердің ескерткіші де қолды болып кеткен-ді.

Халқы бірте-бірте көшіп кетіп жатқан қазіргі Ақан сері ауылындағы ескерткіш те дәл осылай қолды болып кетпес пе екен деген алаңдаушылық бар. Үйінділердің арасында қараусыз қалып, жүдеп тұрған Ақан серінің тамаша сол бір ескерткішін Үкімет қаулысымен Елордамыз Астана қаласындағы Ақан сері көшесіне әкеліп орнату мәселесін қарастыруды сұраймын.
Ер Мәліктің мерейтойы –

ел мерейі


«Ел ерсіз болмас, ел болса ер туғызбай тұрмас», – деген аталы сөз ойға оралар осы бір тұста, сол ел туғызған ердің бірі Мәлік Ғабдуллин есімі еріксіз еске түсетіні бар.

2015 жылы туғанына 100 жыл толғалы отырған Батыр Мәліктің, Ұлы Отан соғысында панфиловшылар құрамында тамаша ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атанған, Кеңестер Одағы мен Ресейдің Ғылым Академияларының академигі, Қазақстанның ғылымына еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, әдебиет зерттеушісі, педагог, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 1951-1963 жылдары Алматыдағы Абай атындағы қазақ педагогика институтының ректоры, 1963-1970 жылдары Қазақстанның Ғылым Академиясының Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушісі, бірнеше мәрте Қазақстанның және Кеңестер Одағының Жоғарғы Кеңестерінің депутаты болған, көрнекті қоғам қайраткері, халқының жүрегінде үлкен із қалдырған Мәлік Ғабдуллинің есімі мен ерлігі, адамгершілік қасиеттері өз тұсында аңызға айналған болатын.

Жыр алыбы Жамбыл «Батырым Мәлік өренім», – деп Мәлікке өзінің баласындай мейірі түссе, Мәлік те қарт жырауды өзінің әкесіндей қадірлеген еді. Батыр Бауыржанмен арадағы сыйластығы және де қос батырдың бірін-бірі қорғап та, қолдап та бұл өмірден тамаша бір сыйластықпен өткендіктерін де, Дмитрий Снегиннің Мәлік Ғабдуллиннің ерлігі мен тамаша адамгершілік қасиеттері жайында жазып кеткен шығармаларын да қалың жұртшылық әбден білер деп ойлаймын. Орыс жазушысы Борис Полевой 1943 жылдың 25 сәуірдегі «Правда» газетінде «Эпостың тууы» атты атақты очеркін жариялап, Мәлік Ғабдуллиннің Мәскеуді қорғауда көрсеткен ерлігін айдай әлемге паш етіп, тамсана жазған-ды.

Халқымыздың біртуар ұлы перзенті Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 100 жыл толуын лайықты атап өту және оны тәуелсіз еліміздің бүгінгі әрі болашақ ұрпақтарының естерінде мәңгі қалдыру үшін атқаратын іс-шараларды әзірлеп, өткізу жұмыстары осы бастан қолға алынса дейміз. Ол үшін:

1. Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығын әзірлеп өткізу жөнінде Үкіметтің қаулысы шығарылып, арнайы комиссия құрылғаны жөн.


2. Көрнекті қоғам қайраткерінің және атақты ғалымның 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында аталса және халықаралық конференция ұйымдастырылып өткізілсе, бұл еліміздің мерейін онан әрі өсіре түсер еді.

3. Академик, әдебиет зерттеуші ғалым, жазушы Мәлік Ғабдуллин еңбектері мен шығармаларының 20 томдығын Мемлекеттік тапсырыс есебінен шығару және ол үшін Академияның Мұхтар Әуезов атындағы Тіл және әдебиет институты жанынан арнайы редакциялық алқа, ғылыми-кеңес құрылуы керек.

4. 2015 жылы Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығымен тұспа-тұс келетіндігін ескеріп, батыр ғалымды мәңгі есте қалдыру үшін Мәскеуді даңқты қорғаушылардың бірі Мәлік Ғабдуллиннің есімімен Мәскеу қаласының бір көшесін атау, бір мектептің атын беру мәселесін Қазақстан Үкіметі Ресей Үкіметінің алдына қоя білсе құба - құп.

5. Тәуелсіз еліміздің әскери бір бөлімшесін Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің есімімен атау және жоғары әскери училищелері мен әскери оқу орындары курсанттары үшін Батыр атындағы стипендиялар тағайындауды ұсынамыз.

6. Елордасы Астана және батырдың туған жері Көкшетау қалаларында Мәлік Ғабдуллинге есткерткіш қою ісі ойластырылып, сонымен бірге, батырдың Алматыдағы бейіті көркейтіліп, ол тұрған үйге орнатылған ескерткіш тақта жаңартылып, қайра жасалса.

7. Көкшетау қаласындағы Батыр мұражайы талапқа сай жауап беретін осы заманғы қор сақтау қоймасына да зәру болып отыр. Бұл мәселені де өзекті бір мәселе ретінде қарастырылуын қалар едік.

8. Кезінде он екі жыл бойы үздіксіз ректоры болған Алматыдағы Абай атындағы Университет, (бұрынғы ҚазПИ) бас болып, биылдан бастап Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында «Мәлік оқулары» ұйымдастырылғаны абзал болар еді. Бұл жыл сайынғы дәстүрлі оқуға айналуы керек деп санаймыз. Бұған Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ынталы болғанының жөні бар.

9. Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдық мерейтойлық түрлі шаралары Алматы, Астана, Көкшетау қалаларымен қатар, еліміздің барлық облысының орталықтарында да өткізілуіне жергілікті жерлердің назары аударылуын қажет деп білеміз.