reforef.ru 1
Нұр Астана. – 2011. - № 44. – 10 қараша


Құлманұлы Т.
«Ұлағат» діни сауатыңызды ашады
Астана қаласында 59 діни бірлестік бар. Ел opда тұрғындарының 65 пайызы - ислам, 28 пайызы - православ, қалған 5 пайызы басқа діндерді ұстанады. Олардың арасында имандылық тұрғысынан оң ықпал етіп, қоғамның гүлденіп, өсуіне үлес қосып келе жатқан дәстүрлі діндер де, керісінше елге іштей іріткі салушы жалған ағымдар да жетерлік. Мәселен, «Мұсылман бауырлар», «Кришна санасы қоғамы»,»Ақ орда»,т.б, сондай-ақ, ресми тіркеуден өткен «Иегова куәгерлері», «Жаңа өмір», «Бо­жья Благодать», «Сеантология шіркеуі» сынды бірқатар теріс ағымдар қала тұрғындары мен жекелеген отбасылардың тыныштығын бұзуын қояр емес.

Аталған мәселенің құндылығы ескеріліп, «Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы» MM мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «¥лағат» мәдениет және даму қорының ұйымдастыруымен 16 қыркүйектен бастап жастардың діни сауаттылығын жетілдіруге бағытталған дәріс оқытуда.

Басқарманың тапсырысымен ұйымдастырылған «Дінге қатысты мемлекеттік саясатты сауатты насихаттайтын әрі толеранттылықты, патриоттықты қалыптастыру және терроризм мен экстремизмге саналы түрде қарсылықты оятуға бағытталған ақпараттық-насихат тобы жұмысын құру және ұйымдастыру» жобасына сәйкес Астана қаласындағы жоғары оқу орындарында белгіленген жұмыс қорытындыланды. Онда студент-жастарға дін мәселесіндегі күрделі міндеттерді түсіндіру, насихаттау, діни сауаттылықты арттыру бағыттарында дәріскерлер өткізген мастер-класс, әңгіме-кездесулері сапалы әрі тиімділігімен ерекшеленгенін айта кеткен жөн.


Елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық, «Астана» медициналық, Қазақстан-Ресей, Назарбаев және Еуразия ұлттық университеттерінде оқылған дәріске студенттер мен оқытушылар өз ризашылықтарын білдіріп, көкейлеріндегі маңызды сауалдарына дінтанушылар мен дәріскерлер тарапынан қанағаттанарлық жауап алды.

Дінтанушы-ғалымдар Кеңшілік Тышқан, Нұрлан Мансұров, Еркінбек Шохаев, Гали­на Новикова, т.б. оқыған дәрістер студент-жастар тарапынан аса қызығушылық танытты. Жұмысты дұрыс ұйымдастыра білген «Ұлағат» мәдениет және даму қоры» қызметкерлері жастар көкейіндегі сыр-сұхбатты дәріс алдында таратқан сауалнамалық парақтарға түйіндеген еді. Сол бойынша көпшілік көкейіндегі бірқыдыру түйткілдерді қорытындылап, ғылыми түйіндер жасауға мүмкіндік алынды.

Әлеуметтанулық зерттеуіміздің қорытындысы бойынша, студент-жастардың діни көзқарастары мен ұстанымдары дұрыс бағытта екенін сеніммен айтуға болады.
Оқылған дәрістердің нәтижесінде біреулер өздерінің бұрьшнан естіп жүрген білімдерін толықтыра түскендері туралы айтса (44%), ал кейбіреулер үшін бұл мағлұмат жаңалық болды (28%). Тыңдаушылардың басым бөлігінің (41%) дәріс оқылғаннан кейін аталмыш тақырыптарға қатысты пікірлерінің өзгергендігін білдіруі - еңбегіміздің жанғанының айғағы.

Қорыта айтқанда, жастар арасында діни сауаттылық мәселесінде туындаған түрлі ой-пікірлер алдымызда әлі де қыруар жұмыс тұрғанын көрсетеді. Оны дер кезінде шешуден ұтарымыз анық. Сонымен, «¥лағат» мәдениет және даму қорының ұйымдастыруымен атқарылып жатқан қыруар жұмыстар, әлеуметтанулық зерттеулер мен жүргізілген сауалнаманың қорытындысы: діни сауаттылық - рухани кемелденудің көрінісі екенін тағы бір айғақтай түсті.

Бұл игі іс-шараларды үстіміздегі жылдың аяғына дейін Астана қаласындағы бірқатар мекемелер арасында да өткізу жоспарланып отыр. Осынау сәтті басталган игі іс өз жалғасын тауып, жастардың рухани сауатын жетілдіруге, білімділігін көтеруге бағытталған қоғамға пайдасын тигізетініне сеніміміз мол.