reforef.ru 1
Нақшбандия сектасының адасуын әшкерелеу


Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!

Оны дәріптеп әрі Одан ғана жәрдем мен кешірім сұрап жалбарынатын Аллаһқа барлық мақтау мен мадақтар болсын. Нәпсіміздің жамандықтары мен жаман іс-амалдарымыздан Аллаһқа сиынып, Одан пана тілейміз. Кімді Аллаһ тура жолға бастаса, онда оны ешкім де адастыра алмайды. Ал кімді Аллаһ тастап қойса, онда оны тура жолға салар ешкім жоқ. Біз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайық ешкім жоқ екеніне, Оның серігі жоқ әрі жалғыз екеніне куәлік етеміз, сондай-ақ Мухаммад Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етеміз.

Осы кішкентай ғана кітапша Тариқат әл-Нақшбандия сектасының ілімін Құран мен Сүннет аясында зерттеп, талдауға арналған. Сонымен қатар, осы кітапша аталмыш сектаның зұлымдығына бөгет салу және мұсылман үмметін алдын-ала сақтандыру мақсатында жазылды. Мұсылман әлемінде әр кезде ислами ақиданы бұрмалайтын, мұсылмандарды тура жолдан адастыратын түрлі топтар мен ағымдар пайда болып отырды. Әсіресе, қазіргі таңда кең таралған, әрі ең қауіпті топтардың бірі – Тариқат әл-Нақшбанди сектасына тоқталып өткен жөн.

Көптеген адасқан топтар секілді нақшбанди тобы да: «Мұсылмандардың барлығы надан, сондықтан олар құпия білімге ие болған пірге мұқтаж», - деп мәлімдейді. Сондай-ақ, олардың айтуынша, діни мәтіндер (Құран мен Сүннет мәтіндері) анық және құпия мағынаға ие: анық мәтіндерді қарапайым халық түсінеді, ал құпия мәтіндерді тек пірлер ғана түсіне алады. Нақшбани сектасының жалған сенімдерінің тағы бірі - құпия мәтіндерді түсіне алмайтын қарапайым халық Аллаһпен тікелей байланыса алмайды, олар тек Аллаһ пен құлдың арасында дәнекер болып табылатын пірдің айтқанын екі етпестен ғана Аллаһқа жақындай алады.

Бұл сектаның қауіптілігі сол – олар Исламның кейіпінде, оны іштен іріту арқылы Ислам сәулесін өшіріп, Аллаһтың түсірген дініне ерген мұсылмандарды адастырады.

Аллаһтың разылығын қалай отырып, аталған топтың аса ауыр қателіктері мен жалған сенімдерден құралған Исламға жат дүниетанымын әшкерелеуді өз міндетіміз деп таптық. Олардың торына түскендерге ағымның адасуы анық әрі түсінікті болатынына сенеміз, сондай-ақ бұл топқа «міне, енді мен де қосыламын» деп ниет еткен бауырларымызға ескерту болады деп үміт етеміз.


Қалың оқырман қауымға өте қарапайым әдіс арқылы осы адасқан топ пен шынайы Исламның айырмашылығын түсіндіруге тырысамыз – Аллаһтың сөзі Құран мен Оның хақ елшісі Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сенімді хадистерін нақшбандилердің сенетін мәтіндеріне қарама-қарсы қоя отырып, ақиқаттан жалғанды ажыратамыз.

Сөзімізге дәйек ретінде кітаптардың атымен қоса, беттерінің нөмерін де келтіреміз. Құран мен хадиске сілтемені де ұмыт қалдырмаймыз.

Бұл құнды кітапша адамдардың маңызды мәселелерде адасушылық пен надандықтан құтылуына себеп болсын деп Аллаһ Тағалаға жалбанырып, дұға етеміз. Я, Аллаһ Тағала, ақиқатты шынайы түрде іздеушілерді тура жолға салып, қасіреттен құтқара гөр!

1. ИСЛАМИ СЕНІМ: Тек Аллаһ қана Ақиқат (Хақ).

Аллаһ Тағала Құранда былай дейді: «Осы дәлелдер бойынша, шын мәнінде Аллаһ, Ол - Хақ. Күдіксіз Ол, өлілерді тірілтеді» («Хаж» сүресі, 6-аят).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Ақиқат (Хақ) – бұл Аба Йәзид әл-Бастами.

«Нақшбанди жолы» атты кітаптың 15-бетінде былай деп жазылған: "Осы аятты өмірінде бір-ақ рет оқыған адам аса жоғары дәрежені иемденеді... Ол адам пайғамбарлар мен әулиелер жете алмаған дәрежеге жетіп, шариғатымыздың имамы Аба Йәзид әл-Бастамидің деңгейіне көтеріледі. Аба Йәзид әл-Бастами ұстазымыздың өзі былай дейтін: «Мен – Ақиқатпын (әл-Хақ)»".

Жоғарыда келтірілген «Мен – Ақиқатпын (әл-Хақ)» сөзі – Аллаһтың Есімдері мен Сипаттарындағы ауытқушылық екені анық белгілі. Себебі әл-Хақ – тек Аллаһқа ғана тән сипат және бұл сөз жаратылыстарға «әбд» (құл) тіркесі арқылы жазылады. Сол себепті, кезінде әл-Халләжж есімді адам өзін «Әна әл-Хақ (Мен әл-Хақ)» дегені үшін діннен шыққан кәпір ретінде өлім жазасына кесілді.

2. ИСЛАМИ СЕНІМ: Аллаһтың ешқандай көмекшісі жоқ.

Аллаһ Тағала Құранда былай дейді: «Шын мәнінде Ол бір нәрсені қаласа, Оның бұйрығы оған "бол" деу, сонда ол бола қалады» («Ясин» сүресі, 82-аят).


Тағы да Құранның басқа жерінде Аллаһ Тағала былай дейді: «Оларға Аллаһтан өзге көмекші жоқ. Ол Өз үкіміне ешкімді ортақ етпейді» («Кәһф» сүресі, 26-аят).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Пір – Аллаһтың көмекшісі.

«Мұхиттар мейірімі» атты кітаптың бірінші бөлімінің 33-бетінде былай жазылған: «Пірдің күш-қуаты соншалықты – ол бір нәрсені қаласа, оған «бол» деп айтады, сонда ол нәрсе бола қалады».

Жоғарыда айтылған сөздер – Аллаһтың Раббылық сипатындағы анық ауытқушылық, себебі Ислам қағидасы бойынша, Раббылық сипат Аллаһтан басқа ешкімге берілмеген. Сондықтан, бұл сөздер Бірқұдайшылыққа (Таухидке) анық қарама-қайшы әрі айқын адасушылық екені белгілі болды.

3. ИСЛАМИ СЕНІМ: Ешкім пайғамбарлар мен сахабалардың дәрежесіне жете алмайды.

Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бәрімізге белгілі хадисте былай дейді: «Ең жақсы адамдар – менің кезімдегі адамдар. Одан кейін – олардан соң келгендер, сосын – олардан кейін келгендер». Әл-Бухари 3651, Муслим 2533.

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Арнайы бір адамдар пайғамбарлар мен сахабалар жетпеген дәрежеге жете алады.

«Нақшбанди жолы» атты кітаптың 1-бетінде былай жазылған: «Қазіргі кезде осы қағидаларға сай әрекет ете білген адам тым жоғары деңгейге көтеріліп, үлкен сатыға жетеді... Ол сондай биік дәрежеге жетеді, тіпті ондай дәрежеге пайғамбарлар мен олардың сахабаларының өздері де жете алмайды».

«Нақшбанди жолы» атты кітаптың 4-бетінде былай жазылған: «Әсіресе, Пайғамбардың Сүннетін ұстанғандар өткен қауымдарға белгілі болмаған құпия білімге жетіп, ерекше күйді бастан кешіреді. Тіпті Пайғамбарымыздың сахабаларының өзі ондай сатыға жетпеген».

Нақшбанди сектасының тағы да өтірігінің бірі – Пайғамбардың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жете алмаған дәрежеге жету. Мұндай жиеркенішті жалған мәлімдеуді тіпті қарапайым мұсылманның өзі өтірік екенін бірден байқайды.

4. ИСЛАМИ СЕНІМ: Аллаһ аспанда.


Құранда Аллаһ Тағала айтады: «Жер теңселген сәтте Аспандағының сендерді жерге жұттыруынан бейбітсіңдер ме?» («Мүлк» сүресі, 16-аят).

Имам Муслим өзінің "Сахихында" Му’ауия ибн Хакам әс-Суләмидің, Аллаһ оған разы болсын, мыны сөзін жеткізеді: «Сондай-ақ Ухуд және әл-Жууәнийи жақта менің қойларымды бағатын күңім бар еді. Бір күні, ол жотаның төбесіне шығып тұрғанда, қасқыр бір қойды алып бара жатқанын байқайды. Ал менің көңіл-күйім түсіп тұрса да, Адам баласы ретінде оны түсінуге тырыстым. Алайда мен оны бетінен шапалақпен ұрдым да, осы болған жайтты Аллаһ Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткіздім. Ол бұл жағдайды жақсы іс емес деп бағалады. Сонда мен Аллаһ Елшісіне: "Онда мен оны босатамын" – дедім. Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): "Күңді шақыр!" – деп бұйырды. Мен күңді ертіп алып келген кезде, Аллаһ Елшісі одан: "Аллаһ қайда?", - деп сұрады. Күң: "Аспанда!", - деп жауап берді. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тағы да: "Мен кіммін?", - деп сұрады. Ол: "Сен – Аллаһтың елшісісің", - деп жауап қатты. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): "Оны бостандыққа жібер, себебі ол – иман келтірген әйел (мүмина)!", - деп айтты» Хадистің нөмері 537.

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Аллаһ барлық жерде.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 13-бетінде былай делінген:

«Аллаһ Тағала барлық жерде, әсіресе, Байтуллаһтың ішінде, себебі Аллаһтың Өзі ол Үйді - Аллаһтың Үйі деп атады. Ол Үй – Раббының Үйі деп аталғандықтан Раббымыз Аллаһ сол үйдің ішінде болуы керек».

«Аллаһ барлық жерде деген сенім» – ислами сенім емес және Құран мен хадистерге ашық қарсы келеді. Егер шынымен Аллаһ барлық жерде болғанда, онда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһпен жүздесу үшін Миғраж түнінде жеті қат аспанның үстіне көтерілместен, өзінің үйінде жатып-ақ Аллаһ Тағаламен кездесе салар еді.


5. ИСЛАМИ СЕНІМ: Аллаһтан басқа ешкім Қиямет Күнінің қашан болатынын білмейді.

Құранда Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Расында, Қиямет Күнінің мерзімі туралы білім Аллаһтың құзырында» («Лұқман» сүресі, 34-аят).

Бәрімізге белгілі Жәбірейлдің ұзақ хадисінде ол ер адам кейіпінде Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, Ислам, Иман және Ихсан туралы сұрап білгеннен кейін Аллаһ Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): "Енді маған Қиямет Күнінің қашан болатынын айтып бер", - деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): "Сұралушы сұраушыдан артық білмейді", - деп жауап берді (Бухари, Муслим).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Пір Қиямет Күні туралы біледі.

«Мұхиттар мейірімі» атты кітаптың 19-бетінің жоғары жағында былай делінген:

«Бізге берілген осы нышандар келесі екі жылдың көлемінде міндетті түрде ұлы оқиға – Қияметтің болатынын көрсетіп тұр».

Бұл сөйлем жазылған кітап 1987 жылы жарыққа шыққан еді. Бірақ 23 жыл (қазір 2010 жыл) өтсе де біз әлі Қиямет Күнін көре алмай отырмыз. Егер Құранда Аллаһ Тағала: «(Мухаммад оларға:) "Көктер мен жердегі көместі (ғайыпты) ешкім білмейді. Олар қашан тірілетіндерін де білмейді", - де» («Нәміл» сүресі, 65-аят), - деп тұрса, онда ақыл-есі дұрыс адамның санасына сыймайтын осындай сұрқия сөздер қайдан рас болсын?!

6. ИСЛАМИ СЕНІМ: Мұсылмандар мен кәпірлер тең емес.

Құранда Аллаһ Тағала былай деп айтады: «(Кәпір, Мұсылман) екі топтың мысалы: соқыр, саңырау және көріп, естуші тәрізді. Мысал тұрғысынан екеуі тең бе? Түсінбейсіңдер ме?» («Һуд» сүресі, 24-аят).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Мұсылмандар мен кәпірлер тең.

«Нақшбанди жолы» атты кітаптың 12-бетінде былай деп жазылған:

«Аллаһ Тағала кәпір мен пасықтың немесе мүмін мен мұсылманның арасын бөлмейді. Олардың бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ. Аллаһ үшін олардың барлығы бірдей».


Дәл осы кітаптың 16-бетінде былай деп жазылған: "Аллаһ Тағала кәпір мен екіжүздіні және әулие мен пайғамбар арасын бөліп жармайды, сондай-ақ олардың бір-бірінен ешқандай да айырмашылығы жоқ".

7. ИСЛАМИ СЕНІМ: Аллаһ пен адам арасында дәнекер жоқ.

Құранда Аллаһ Тағала былай дейді: «(Мухаммад) егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса - өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін» («Бақара» сүресі, 186-аят).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Пір – Аллаһ пен адамның арасындағы дәнекер.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 23-бетінде былай делінген: "Егер Сейәдин Маһди мен біздің арамызда Мәулана Шейх Назим болмағанда, Қасиетті Пайғамбар Мухаммад пен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) біздің арамызда Мәулана Шейх Назим болмағанда, бүкіл әлемнің Раббысы Аллаһ пен біздің арамызда Мәулана Шейх Назим болмағанда, онда ешкім иләһи білімге қол жеткізе алмас еді. Себебі Мәулана Шейх Назим – біз бен Аллаһтың арасындағы дәнекер".

Құдай мен адамның арасында дәнекер бар деп сену – басқа діндерден алынған көпқұдайшылық сенім болып табылады. Мәселен, христиан дінінде Құдай мен адамның арасындағы дәнекер – пірадар (священник) болып табылады. Қарапайым халық күнәларына тәубе етуін тікелей Құдайға арнаудың орнына, пірадарларға барып өз кемшіліктерін айтып, ақталады.

8. ИСЛАМИ СЕНІМ: Барлық нәрсе Аллаһтың қалауымен болады.

Құранда Аллаһ Тағала айтады: «Әлемдердің Раббысы Аллаһ қаламайынша тілеулерің жүрмейді» («Такуир» сүресі, 29-аят).

Бір күні бір сахаба Пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сұхбаттасып болған соң, әңгімесін: "Бұл Аллаһтың және сенің қалағаның", - деп бітірген кезде, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз сахабасының сөзін дереу былай деп түзеді: "Сен мені Аллаһпен теңестіріп тұрсың ба? «Бұл тек Аллаһтың ғана қалағаны», - деп айт" (Ахмад).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Аллаһтың және әулиелердің қалағаны болады.


«Ғусуб ус-Сайлан» атты кітаптың 23-бетінде жергілікті топтың басшысы былай деп айтады:

«Бір күні таңертеңгі уақытта мен бір газетте: "Дауатагаха мешітінің әкімшілігі аға қамқоршы іздейді" деген сөздерді оқыдым. Бірнеше күннен кейін маған қайырымдылық қордың басшысы мен аға демеушісі М.И.М. Шаукат келіп: «Осыған байланысты не айтасыз?", - деп сұрады. Мен: "Егер Аллаһ және әулиелер қаламаса, онда еш нәрсе істей алмайсың", - деп жауап бердім».

9. ИСЛАМИ СЕНІМ: Аллаһ – Жаратушы.

Құранда Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Күдіксіз, Раббыларың сондай Аллаһ көктер мен жерді алты күнде жаратқан» («Ағраф» сүресі, 54-аят).

«Ол сондай Аллаһ көктер мен жерді әрі екі арасындағыларды алты күнде жаратты» («Сәжде» сүресі, 4-аят).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Пір – жаратушы.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 15-бетінде былай делінген:

«Сендерге мәлім барлық нәрсе Султан әл-Әулияның рухани билігінің қол астында. Ол жалғыз өзі осы әлемдегі адамзатқа билігін жүргізеді. Сондай-ақ ол жындар мен періштелер әлемін басқарады».

Бұл айтылған сөздер Таухид әр-Рубубиядағы адасушылық. Ақылы бар адамның миына сыймайтын мұндай сөздер тек терең адасқан адамның ған аузынан шығады.

10. ИСЛАМИ СЕНІМ: Аллаһтан басқа ешкім жағдайды өзгерте алмайды.

Құранда Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Егер Аллаһ саған қиыншылық келтірсе, сонда оны Өзінен басқа ешбір айықтырушы жоқ» («Әнғам» сүресі, 6-аят).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Пір қиыншылықтан құтқара алады.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 26-бетіндегі екінші параграфта былай делінген: «Егер мүрид (шәкірт) бір қиыншылыққа тап болса, онда оны құтқаруға Пірдің күш-қуаты жетеді».

11. ИСЛАМИ СЕНІМ: Аллаһтан басқа ешкім адамды Тозақтан құтқарып, Жәннатқа кіргізе алмайды.

Сахих хадистің бірінде Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Әй, Құрайш тайпасы, құтылу тек Аллаһтан, мен сендерге Аллаһқа қарсы еш көмектесе алмаймын. Әй, Әбдул-Муталибтің ұрпақтары, әлбетте мен сендерге Аллаһқа қарсы еш көмектесе алмаймын. Әй (менің ағам) ибн Әбдул-Муталиб, әй (менің әпкем) Сафия, мен сендерге Аллаһқа қарсы еш көмектесе алмаймын. Әй Мухаммадтың қызы Фатима, менен қалағаныңды сұра, бірақ менде Аллаһқа қарсы көмектесетін еш нәрсе жоқ!» (Муслим).


НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Пір адамды Тозақтап құтқарып, Жәннатқа кіргізе алады.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 30-бетіндегі үшінші параграфта былай делінген: «Муридтің тозаққа түсіп кетуінен Пір құтқарады. Шейх Назим өзінің ізбасарларын Жәннатқа кіргізеді».

12. ИСЛАМИ СЕНІМ: Өлім періштесі адамға ақырғы сәтінде келіп жанын алады.

Құранда Аллаһ Тағала былай деп айтады: «(Мухаммад оларға:) "Сендерге уәкіл етілген өлім періштесі жандарыңды алады. Сосын Раббыларыңа қайтасыңдар", - де» («Сәжде» сүресі, 11-аят).

НАҚШБАНДИ СЕНІМ: Пір өлім халінде жатқан адамға келіп, жанын алады.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 35-бетіндегі "Қабірде сұрақ-жауап жоқ" деген тарауда былай делінген: «Өлім періштесі Әзрейіл Мәулана Шейх Назимнің мүридтерінің жанын ала алмайды. Мүридтер өлім халінде жатқанда олардың жандарын Мәулана Шейх Назим келіп алады. Ол мүридтерге қараған кезде, олардың жандары әп сәтте денені тастап шығады. Шейх Назимнің мүридтеріне өлім періштесі де, қабірдегі періштелерде еш зиян тигізе алмайды».

13. ИСЛАМИ СЕНІМ: Исламда құпия білімдер жоқ. Барлық білім Құран мен Сүннетте берілген.

Сахих хадистердің бірінде Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мен сендерге Аллаһтың бұйрықтарының барлығын жеткіздім, сондай-ақ Аллаһтың тыйым салғандарының бірде-біреуін қалдырмастан барлығын жеткіздім» (әл-Бәйһақи).

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Пір құпия білімдерге ие.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 60-61 беттеріндегі үшінші параграфында былай делінген: «Мәулана Шейх Назим өзінің мүридтерін құпия білімге үйретті. Шейх Назим олардың тұрмысқа және дінге қатысты сұрақтарына жауап берді. Мүридтер пірден құпия білімдерді алғаннан кейін ешқашан кітаптардағы білімдерге мұқтаж болмайды».

14. ИСЛАМИ СЕНІМ: Аллаһ адамды жақсы көрген кезде...

Абу Хурайра (Аллаһ оған разы болсын) жеткізген хадисте Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: "Аллаһ айтады: «... Маған құлымды жақындататын ең сүйікті нәрсе – парыз еткендерім. Мен оны жақсы көргенше Маған жақындап, нәпілдер орындайды. Ал Мен оны жақсы көрсем, оның еститін құлағы боламын, көретін көзі боламын, ұстайтын қолы боламын, жүретін аяғы боламын»" (Бухари 6502).


Жоғарыда келтірген хадисті оқырман дұрыс түсінуі керек. Бұл хадис туралы ғалымдар былай түсіндірген: «Еститін құлағы боламын» дегеніміз - адам тек қана хәлал нәрселерді естіп, тыйым салынған әңгімелерден аулақ болады. «Көретін көзі боламын» дегеніміз - адам тек рұқсат етілген нәрсені көріп, тыйым салынған нәрселерден аулақ болады. «Ұстайтын қолы боламын» дегеніміз - адамның қолы тек рұқсат етілген нәрсені ұстап, тыйым салынғаннан аулақ болады.

НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Бұл хадиске анық қарама-қайшы келеді.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 62-бетінде соңғы параграфында былай делінген: «Мәулана Шейх Назим өзінің мүридтерінің денелеріне енгенін талай байқадық. Мұндай жағдай болған кезде мүридтер өз-өздерін сезбей, болмыстарын жоғалтып алады. Сондай-ақ мүридтер өздерін Шейх Назим сияқты сезінеді - олар Шейхтың көзімен көріп, оның құлағымен естиді де, оның аузымен сөйлейді».

15. НАҚШБАНДИ СЕНІМІ: Пір бір уақытта бірнеше жерде бола алады.

«Хақиқат ул-Хаккани» кітабының 33-бетінде былай делінген: «Мәулана Шейх Назим денесі мен кейпінде бір уақытта бірнеше жерде бола алады».

Сонымен қатар, аталмыш кітаптың 65-беттің екінші параграфында былай делінген: «Кейде мүридтер басқа ел мен жерге баратын. Мысалы, олар бір минут ішінде Лондонға барып келе алады. Шейх Назимнің қалауымен кейбір мүридтер бір минуттің ішінде Меккеге, Мәдинаға, Лондонға және Бағдадқа барғаны белгілі».

ИСЛАМИ СЕНІМ: Нақшбанди сектасының жоғарыдағы пайымдауына Ислам былай жауап береді:

Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Үш түрлі жын бар, оның біріншісі - ұшатын жын...» (Әл-Хәким, Табарани және әл-Бәйһақи).

Құранда Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Шынында, адамдардан кейбір ерлер, жындардың кейбір ерлеріне сиынатын еді де, сонда олар жындардың менменсінуін артыратын еді» («Жын» сүресі, 6-аят).

Біз осы кітапшада келтірілген дәлелдерге сүйеніп, нақшбанди сектасы таза Исламның негіздері мен тіректеріне тікелей қарама-қайшы екендігін кесімді түрде айта аламыз. Мұндай топтардың пайда болатынын Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтып кеткен еді: «Яһудилер жетпіс бір ағымға бөлінді. Христиандар жетпіс екі ағымға бөлінді. Ал менің үмметім жетпіс үш ағымға бөлінеді, олардың барлығы тозақта, тек біреуінен басқа. Одан: «Әй, Аллаһтың елшісі, олар кімдер?» - деп сұрағанда. Ол: «Олар менің және сахабаларымның артынан ергендер», - деді (Ахмад 2/503, Абу Дауд 3/367, Ибн Мәжаһ 2/479, әд-Дәрими 2/241, әл-Хәким 1/128. Бұл хадисті шейх әл-Ислам Ибн Таймия, шейх Ибн әл-Қайим, имам әш-Шәтыби, хафиз әл-‘Ирақи және шейх әл-Әлбани сахих деген).


Осылайша, өздерін тура жолда жүрміз деп мәлімдейтін кез келген топтың дұрыстығын, оның ұстанатын сенімі мен жолын Құран, Сүннетке қаншалықты сәйкес келетіні арқылы бағалап, анықтай аламыз.

Адамзат тарихы әшкерелеген мынадай (жалған) қағида бар: «Егер оларды жеңе алмасаңдар, онда олармен бірігіңдер». Дәл осы қағидаға сүйенген нақшбанди ағымы Исламды жоюға бар күшін салады. Олардың мақсаты – Исламды іштей іріту. Қой терісін жабылған қасқыр секілді, бұл топ та Исламның кейпіне еніп, мұсылмандарды адастыруда. Сондықтан нақшбанди сектасының сыртқы алдамшы түрі ешкімді адастыруға алып бармауы тиіс.

Ислам сәулесін іздеп, алайда аталмыш топтың алдап-арбауына түсіп қалған қандастарымызға барынша ескертуіміз қажет.

Мұсылман адамға осы дәлелдер жеткеннен соң, адасуын тастамаса, онда ғұламалар айтқандай, күпірлікке түсіп, Исламнан шығуы әбден мүмкін. Себебі бұл топтың сенімдері соншалықты Исламнан алыс – тіпті мұндай зиянды сенімді қарапайым адамның өзі дұрыс емес екендігін түсінеді. Сондықтан әрбір мұсылман өз әпа-қарындасына, аға-інісіне, ата-анасына және барлық таныстарына бұл сектаның Исламға түбегейлі қарама-қайшы екендігін түсіндіруі міндетті болып табылады. Ескерту! Біз бұл кітапшаны белгілі бір адамды күпірлікте айыптау үшін емес, керісінше, мұсылмандарды барынша осы сектаның қатерінен сақтандыру мақсатында жаздық.

Барлық мақтау-мадақтар әлемдердің Раббысы – Аллаһқа тән! Мухаммадқа, отбасына және оның сахабаларына Аллаһ Тағаланың салауаттары мен сәлемдері болсын!

Дереккөз: www.al-hanifiya.kz