reforef.ru 1
А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2011


М.М.ТАСТАНБЕКОВ

тарих ғылымдарының кандидаты

А.Ясауи атындағы ХҚТУ
ТОМАС МОР АҒЫЛШЫН ГУМАНИЗМІНІҢ КӨРНЕКТІ ӨКІЛІ РЕТІНДЕ
В статье рассматривается вопрос распространения идеи гуманизма в Англии и гуманные воззрения Томаса Мора как одного из основоположников английского гуманизма.
This article deals with the matter of prevalence of humanism ideas in England and with humane views of Thomas Moor as one of the founders of English humanism.
Қайта өрлеу идеясы Англияға Нидерланды және Германиямен салыстырғанда біршама кеш енді. Жеке елдердің тарих саласындағы алғашқы гуманистік тәжірибелерін итальяндықтар жасады, сондықтан оларды осы мақсатта арнайы шақырды немесе Италиядан Ренессанс үлгісіндегі ғимараттарды салу және көркемдеу үшін архитекторлар мен суретшілерді алдырғандай алдырды [1]. 1500 жылы Англияда барлығы 5 баспахана болған болса, осы уақыттағы Германиядағы баспахана саны 51-ге жеткен. Англияда білімді адамдардың да саны көп емес еді, мұндай пікірді аталмыш уақыттағы Англия жөніндегі итальяндықтардың жазбалары растайды. Король өкіметі, әсіресе VIII Генрих пен оның жақын көмекшілерінің тұсында олар абсолютизм жақтастары және үкімет саясатының насихатшылары ретінде қызмет етеді деген есеппен гуманистерді қорғауға алды және материалдық көмек көрсетіп отырды. Кейбір авторлар гуманизм Англияда XVI ғасырдың басында дамыды деп көрсетуге тырысқанымен, Англияда гуманистік тарихнама Италия және Францияға қарағанда әлсіз еді. Тарихи шығармалар ғажайып оқиғалардан арылды, сонымен қатар дәстүрлі жылнамалық қалып сақталып қала берді. Дегенмен, Қ.Т.Жұмағұловтың айтуынша, "...XVII ғасырдағы Еуропадағы алдыңғы қатарлы еуропалық ойлардың "ағылшындық" ғасыры ағылшын буржуазиялық революциясы мәселелері төңірегінде топтасты" [2].

XVI ғасырдағы алғашқы қорланудың жедел үрдісі, оның салдарлары мәдениеттің дамуына, ағылшын гуманизмінің сипатына әсер етті, сол арқылы осы кезеңдегі ағылшын тарихнамасының ерекшеліктерін анықтап берді. Англияның құрлықтан оқшау орналасуының арқасында қалыптасқан өзіндік мәдениеті мен саяси дәстүрлеріне қарамастан, Еуропаның өзге елдері сияқты Англия да гуманистік білімнің алғашқы ұрығын Италиядан алды. XII ғасырдан бастап баюды мақсат тұтқан итальян саудагерлері мен өсімқорлары Лондонда қоныстанып, өз сауда үйлерін ашып, екі ел арасындағы қатынасты жақындатуда белгілі рөл атқарды. Ағылшындардың кейбір билеуші өкілдері итальян


А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2011
Тастанбеков М.М. Томас Мор ағылшын гуманизмінің көрнекті өкілі ретінде

қолжазбаларымен танысу мақсатында, Италияға бару мүмкіндіктеріне ие болды. Дегенмен, XV ғасырдың ортасына дейін ағылшын-итальян мәдени байланыстары мардымсыз, ал итальян ағартушылығының ықпалы салыстырмалы түрде әлсіз болды. Ағылшынның ұлы ұлттық ақыны Чосер 1373 жылы Италияда үш ай болғаннан кейін оның шығармашылығында Боккаччоның "Декамеронының" ықпалын аңғаруға болады. В.Крусман "Ағылшын гуманизмінің бастауында" атты еңбегінде итальян гуманистерімен хат жазысып тұрған Петрарка Ричард де Бери, епископ Дурэмский мен Салутати Томас Фитц-Алань, лорд Эрундель, архиепископ Кэнтерберскийді (ХVғ. I жарт.) "бірінші ағылшын гуманистері" деп атап, Англия тарихында гуманизмді тереңірек қарастыруды ұсынады және бұл мәселені жан-жақты талдайды [3].

XV ғасыр соңында феодалдық қырқысулардың тоқтауымен ел билеушілері және бай саудагерлердің итальян мәдениетіне қызыққан балалары Ренессанс пен гуманистік ілім орталықтары — Флоренция, Падуя, Феррари, Болоньяға ұмтылды. Кейінгі кезеңдерде Англияда гуманистік білім орталықтарына айналған университеттерде Италия, Голландиядан дәріс оқуға шақырылған ғалымдармен бірге Лэт, Валла, Полициано шәкірттері болған классикалық филология профессорлары Вильям Гросайн, Ричард Пейс, Томас Линэкр, Джон Колет, Вильям Лили еңбек етті. Олардың барлығы ағылшын гуманистері өкілдерінің ішіндегі ең ірісі Томас Мордың ұстаздары және жақын достары болған. Т.Мордың жақын досы, неміс гуманисі Эразм Роттердамский өз еңбектерінде гуманистік көзқарасты одан әрі дамытты [4].

Кембридж университетінде Юст Липсий дәріс оқыды. Осы университетті айрықша білімді және есте сақтау қабілеті ерекше шотландық Фома Демпстер бітірген. Ол латын авторларының еңбектерін мәтінге қарамай, жатқа білген. Саяси себептермен Англиядан қуылған ол, Торуни, Сорбонна, итальян университеттерінде дәріс берді. Демпстер Италияда жүріп "Патшалық Эртрурии туралы" еңбегін жазған. Аталмыш зерттеу Демпстер қайтыс болғаннан жүз жылдан кейін жарық көрді және эртрускология саласындағы классикалық еңбектердің бірінен саналады [5].


Сарай-ақсүйектері арасында итальян тілінің сәнге айналуы және әрбір танымал отбасының үйінде француз тілі мұғалімін ұстауы Англияда итальяндық және француздық қайта өрлеу мәдениетінің ықпалы күшті болғандығын және бәсекелесіп жүргендігін аңғартады.

Гуманистік идеяның Англияға енуінің нәтижесін ағылшындық гуманизмнің ірі өкілі Томас Мордың (1478-1535ж.ж.) қызметімен

А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2011
Тастанбеков М.М. Томас Мор ағылшын гуманизмінің көрнекті өкілі ретінде

байланыстыра қарауға болады. Жазушы-сатирик Лукиан жәдігөйлік пен соқыр сенімге қарсы күресі жағынан Т.Морға жақын болды. Мор латын тіліне аударған Лукианның еңбегі XVI ғасырдың өзінде ғана 16 мәрте қайта басылып шықты.

Бұл жерде ескере кететін мәселе Тюдорлардың абсолютизміне гуманистік оппозиция XVI ғасырдың соңында, яғни абсолютизм өзінің прогрессивті рөлі мен міндетін атқарып болып, енді буржуазиялық дамуға тежеу жасай бастағанда пайда болды. Гуманистер үкіметтің қырағы бақылауында болғандықтан, Тюдорлардың өздеріне жүктелген саясатын түсіндірушілер мен қорғаушылар рөлі шеңберінен ерекше жағдайда ғана шығып отырды. Үкіметтік иерархияның жоғары баспалдақтарына жеткен, кейін VIII Генрихтың саясатына енжар қарсылығы үшін өлімге кесілген Т.Мордың тағдыры жоғарыда атап отырған шеңберден шыққан ерекше жағдайлардың бірі болды. Т.Мор төңірегінде алып-қашпа пікірталастар өте көп. Олардың ең бастысы 1516 жылы Лувенде жарық көрген "Мемлекеттің ең жақсы құрылымы туралы пайдалы да қызықты және жаңа арал Утопия жөнінде, Алтын кітап", яғни көпшілікке жай ғана "Утопия" деген атпен белгілі еңбегіне қатысты еді. Т.Мор жөнінде тек "Утопия" авторы ретінде В.В.Святловский, М.П.Алексеев, И.Н.Осиновский, т.б. көп жазғандықтан еңбек мазмұнындағы мәселелерді талдауға тоқталмай-ақ қоямыз. Назар аударатын мәселе "Утопияның" Лукианаға еліктеу ретінде жазылғандығы және Э.Роттердамский ойларының үлкен бөлігін қамтығандығы. Тіпті ғылыми ортада "Эразм еңбектің бірінші тарауының авторы болған" деген де дәлелденбеген пікір бар. Кітап 1517 жылы Парижде, 1518 жылы Базельде жарық көрді. Қалай дегенмен де мұның барлығы Томас Мордың шетел гуманистерімен тығыз байланыста болғандығын және олардың өз кезегінде Т.Мор шығармашылығын дәріптегенін көрсетеді [6]. Англияда "Утопия" өте кеш, Томас Мор қайтыс болғаннан кейін, 22 жылдан соң, 1557 жылы Лондонда бірінші рет жарық көрді.


Біз үшін маңыздысы - өзі тарихшы болмаса да Англияда тарихи ойдың қалыптасуына Т.Мордың тигізген әсері. Оның өз заманы үшін тарихи оқиғаларға терең бойлай алуы назар аудартады. Бұл ең алдымен оның көзқарастары жаңа, капиталистік қоғамдық құрылыстың элементтері қайнап жатқан тұста ағылшындық негізде пайда болуымен түсіндіріледі. Ол өз замандастарына қарағанда тарих және адамзаттың болашақ тағдыры мәселелеріне мүлдем жаңа, терең прогрессивті тұрғыдан қарады. Т.Мор өзі өмір сүрген қоғамда орын алып отырған
А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2011
Тастанбеков М.М. Томас Мор ағылшын гуманизмінің көрнекті өкілі ретінде

саяси құрылысты сынай отырып, гуманизм ұғымына әлеуметтік әділеттілікке ұмтылысты енгізді.

Кеңестік тарихнамада Т.Мор "утопистік социализмнің" негізін салушы ретінде қарастырылса, біз үшін оның "Утопиясы" ХV-ХVІ ғасырларда Англияда орын алған Қызғалдақ пен Сарғалдақ соғысының нәтижесі, феодалдық жасақтардың таратылуы, қаңғыбастық және қаңғыбастарға қарсы заңдар, шаруалардың жаппай қайыршылануына алып келген "қоршау" саясатының бастапқы нәтижелері және т.б. әлеуметтік-тарихи үрдістер жөніндегі тарихи еңбек екендігімен құнды.

Дегенмен Т.Мордың басты тарихи шығармасы 1513-1517 жылдары, яғни "Утопиямен" бір мезгілде жазылған "III Ричардтың тарихы" атты еңбек болып табылады. Лондон шерифінің көмекшісі болып жүріп жазылған бұл шығарма тарихилығы жөнінде пікірталас көп болды. Э.Р.Майерс, Э.Ф.Поллард, Э.М.Рут, Э.Э.Рейнольде, Дж.Рамзей, У.Стэббс, Б.В.Чэмберс, У.Е.Кэмпбелл, т.б. әр кезеңде бұл еңбек туралы өз көзқарастарын білдірді. Олардың көпшілігі "тарихи еңбек" деген тоқтамға келіп, британ тарихнамасына қосылған үлкен үлес деп бағалайды. Е.В.Кузнецов өзіне дейінгі тарихи деректер мен тарихи жазбаларды салыстыра келіп, "Бұл әдеби емес, әдеби құндылыққа ие тарихи шығарма" деген тұжырым жасаған [7]. Бұл еңбектің латын тіліндегі алғашқы нұсқасы 1565 жылы Лувенада жарық көрсе, Т.Мордың өзі ағылшын тіліне аударған нұсқасы ағылшындық гуманистік прозаның бірінші үлгісі ретінде 1706 жылы баспадан шықты.


Бұл еңбекте Т.Мор мемлекеттік билік және III Ричардтың басқару әдісін, билікке қол жеткізу мақсатындағы іс-әрекеттерді сынға алады. Т.Мор алғашқылардың бірі болып елдің королінің арсыздық келбетін ашты, тарихи зерттеулерге адамшылдық өлшемін енгізді. Макиавеллидің "мемлекеттік мүддені" бәрінен жоғары қоятын қағидасына мораль қағидасын қарсы қойды. Макиавелли соғыс, жаулап алу, билік үшін талас сияқты әрбір мақсатты іс-әрекетті өзінің "мемлекеттік мүдде" қағидасымен түсіндіруге тырысса, Т.Мор тарихи оқиғаларды баяндай отырып, өзінің басты кейіпкерінің ішкі дүниесіне үңіліп, қара ниетін, қызғаншақтық, қатыгездік сияқты кері қасиеттерін мораль қағидасы тұрғысынан ашқан. Т.Мор замандастарының болған оқиғаны баяндаған жазба және ауызша мәлімет деректерін кеңінен пайдаланды. Алайда Мор оларды талдау кезінде III Ричардтың біржақты бейнесін сомдауға және өкіметке шектен тыс құлшыныстың қателігін көрсетуге ұмтылып, қажетті объективтілікті әрдайым сақтай бермеді. Ағылшын тілінде шыққан "ІІІ Ричардтың тарихы" нұсқаларының бірінде

А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2011
Тастанбеков М.М. Томас Мор ағылшын гуманизмінің көрнекті өкілі ретінде

Т.Мор "бұл тарихты әрі қарай дамытуға ораламын" деп [8] жазып, VII Генрихтың билік құрған кезеңін жазуды немесе алаяқ Перкин Варбек "тарихының" қысқаша очеркін құрастыру жоспарын айтқан. Алайда оның бұл ойының орындалмағандығы белгілі, Т.Мор тіпті "III Ричардтың тарихын" аяқтай алмады. III Ричардтың тағдыры арқылы жоғары моральдық қағидаларды бұзу мемлекетті және билеушінің өзін де даңқсыз қазаға ұшырататындығын көрсеткісі келді. Еңбекте III Ричардтың қатыгездігін көрсететін оқиғаның бірі ретінде өз бауыры IV Эдуардтың балалары Эдуард пен Ричардты заңсыз некеден туылған деп, Тауэрге жабуы және оларды өлтіргізуі баяндалады. Т.Мор "қаражүректі" III Ричардқа "қайырымды" Эдуардтың бейнесін қарсы қояды. Тарихта бұл бейнелер жөнінде қалыптасқан ортақ тұжырымдардың болмауына қарамастан, Томас Мордың берген сипаттамаларын XVI ғасырда өмір сүрген ағылшын жылнамашылары Холл мен Холиншед, ал олардан Шекспир тұтас күйінде қабылдаған, бұл сипаттама кейінгі уақыттарда басты көзқарас ретінде қалып қойды.

ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Средневековая Европа глазами современников и историков. —М.: Интерпракс, 1995, Ч. 4. - С. 148-165.

  2. Жумагулов К.Т. Об историко-политических взглядах И.Г.Гердера. Вестник КазГУ, серия историческая, вып. 14. Алматы, КазГУ. — - С. 75-78.

  3. Крусман В. На заре английского гуманизма. Английские корреспонденты первых итальянских гуманистов в ближайшей своей обстановке. Исследование. - Одесса, Тип: Техник, 1915, /710/. - С. 25-28.

  4. Роттердамский Э. Похвала глупости. — М., 1983. — С. 11-50.

  5. Историография античной истории. Под ред. В.П.Кузищина. М., Изд. Высшая школа, 1980. — С. 29.

  6. Средневековая Европа глазами современников и историков. —М.: Интерпракс, 1995, Ч. 4. - С. 137-138.

  7. Мор Т. Эпиграммы. История Ричарда III. /Перевод/. Изд. подг. М.Л.Гаспаров и др. - М.: Наука, 1973, /254/. - С. 201-216.

  8. Мор Т. Эпиграммы. История Ричарда III. - С. 202.