reforef.ru 1
Базардан бірі кетіп, бірі барып.


Бағасын арзан-қымбат біліп алып.

Су құйған ағаш астау аясында,

Бұлқынып, тыпырлайды тірі балық.
Түр-түрі маталардың қызыл-жасыл,

Саудасы саудагердің қызып жатыр.

Араға қалталылар кіріп кетіп,

Нарықтың шын бағасын бұзып жатыр.
Бір төмен, бір жоғары ат саудасы,

Абдырап аларманның қатты-ау басы.

Ұннан да, тарыдан да

Тарықпайды,

Толғанша салып алып, қап-дорбасы.
Мөлтектеп қара месте сары қымыз,

Іше бер, көтере алса қарыныңыз.

Жуандар жиылыпты мына арада,

Қиын-ақ қозғалысы – бәрі нығыз.
Жайылған мына арада дастарханы,

Бар болса дастарханы –

Бас тартады.

Кеңесіп,

Қауқылдасып қариялар,

Ән мен жыр ағытады жастар жағы.
Жарасар тақуа емес,

Тарлан десе,

Біразы қажылыққа барған неше.

Жиегі жалт-жұлт еткен, алтын зерлі,

Қыдырар қолдан-қолға кәрлен кесе.
Дап-дайын –

Қымыз ба, әлде шай керек пе,

Жұп-жұмсақ ірімшік пен май керек пе?

Жұтынып жылтыр қара әңгіме айтты,

Кім білсін, сүйенгенін қай дерекке?!
Жыршыға анда-санда бір мақтатып,

Айтады әңгімесін сырғақтатып.

Түрмеге Балуан Шолақ түсті! – дейді, –

Бір күнде сексен өгіз ұрлап сатып…
Жағасын ұстады жұрт:

Апыр-ай! – деп.

Біреулер:

Қайран сабаз, батыр-ай! – деп.

Қобалжып,

Қозғалақтап қойды сол сәт,

Қара сұр

Қасындағы қатыны әйбәт.
Жалт қарап қатынына жылтыр қара,

Былтырғы қайда, – деді, – сылқым қара.


Сонан соң, кіді сөзге кілт тоқтады,

Қымызын ішіп жатып, мұртын мала.
Сондағы сұрамағың Ғалия ма?

Айтылар Ғалияның әні ғана.

Кеткенін нағып білмей қалғаның бар,

Жеткенде жалпақ елге – жарияға.
Ести бер одан да әнін жалықпастан,

Бұл күннің бәрі де өтер ғарып бастан.

Білмесең, мен айтайын Ғалияны,

Өткен түн Балуан Шолақ алып қашқан.
Бір жігіт деді: – Ағатай, түрмеде емес,

Бас сұғып, абақтыға кірген емес.

Қасында Ғалиясы күні кеше,

Өткіздік ойын-сауық, бірге кеңес.
Жылтырдың табан асты құты қашып,

Қымызын кеседегі жұтып асық.

Ғалия қарақшымен қашқан болса,

Көрген жұрт күлмей ме екен, бұтын ашып…
Дегенде, әлгі жігіт ұшып тұрып:

Ақсақал, әңгіме айтпа, ушықтырып.

Айтамыз қалай ғана арам сөзді,

Кісінің адал асын ішіп тұрып.
Күжілдеп деді Жылтыр:

Мынаны құрт!

Жігітті табан асты кінәлі ғып.

Орнынан атып тұрды апыл-ғұпыл,

Кесесін қолындағы бір-ақ ұрып.
Сол кезде ән естілді арғы жақтан.

Секілді дауылды жел нар құлатқан.

Біресе күміс күлкі сылдыр қағып,

Бұлақтай тастан-тасқа қарғып аққан.
Әлгі ән жақындады тап қасына,

Баяулап кейде тіпті, қатты асыға.

Батырдай ақ семсерін жарқылдатқан,

Базардың кіріп кетіп қақпасына.
Дүрлікті ел,

Көрмек болып ән айтқанды,

Қыран ән қайта-қайта қанаттанды.

Жылтыр да,

Жылан көзін

Жылт еткізіп,

Ән айтқан жаққа қарай қарап қалды.
О, ғажап!

Ел мерейін бір қандырып,


Бір қандырып,

Жан-жағын нұрландырып,

Ән салып,

Тамсандырған,

Тамам елді –

Жаңағы дәл қасында тұрған жігіт.
« – Әнім де сен Ғалия, күнім де сен.

Оң қабағым тартады күлімдесең.

Сірә, менің көңілім басылар ма,

Ауған түйе жүгіндей бейімдесең...».
Мынау кім?

Тез айтыңдар, мынау бұл, кім?! –

Дауысын саңқ еткізді жуан Жылтыр,

Тезірек тоқтатпаса сандырағын,

Темір тор ар жағында тұрар бір күн.

Әр сөзін жанұшыра жаңыла айтып,

Қабағы түксиеді танымай түк.

Бұл мұндар,

Қайда барып құтылады,

Қашқынның,

Қылмыскердің әнін айтып.
Қайдағы қарақшыға қаншық құрбан,

Қайранмын құр айқайға таңсық қылған.

Ән емес, бұл айтқаны – жарапазан,

Сұқсырды тоқтатыңдар тантып тұрған.
Жылтырдың дәл қасынан

Жылмаң қара,

Жүгірді қуыс кеуде – бір даңғара.

Төтеннен біреу келіп, тоқтатпаса,

Жағымпаз,

Жаздағаны-ай құрбан бола.
Ән сөзі зарға айналып, кекке ұласып,

Тасқындай таудан аққан кетті тасып,

«Ғалия» ғажайып ән,

Ғаламат күй –

Күйдірген жан-жүректі отты ғашық…


Базары Қараөткелдің қыз-қыз қайнап,

Ел көшкен қызыл-жасыл ызғандай нақ,

Селдір бұлт тас төбеден сес көрсетіп,

Шуағы сейілгендей күздің жайлап.
Айғыздап көкала бұлт таңғы көкті,

Себелеп бір аз ғана жаңбыр өтті.

Кешегі базардағы айтылған ән,

Еріксіз елжіретті жан-жүректі.

Көңілге қуат беріп, болған олжа,


Қуанып қайта-қайта қолдағанға.

Тағы да «Ғалияны» естімек боп,

Қалың ел қайта оралды сол базарға.
Қараөткел.

Есіл өзен оң жағасы,

Қайнаған қара базар мол бағасы.

Қалықтап көк аспанды бір ән кетті,

Қырандай сыпырылған томағасы.
Құлдилап құлаған кез күн бесінге,

Есілдің салқын самал бір кешінде.

Әп-сәтте алты қанат тігіліпті,

Ақбоз үй – қара базар іргесінде.
Қалың ел ақбоз үйдің іші-сырты,

Ән мен күй, салт пен дәстүр, әдет-ғұрпы.

Бұзықты, қаскүнемді жолатпайды,

Бұзылып кетпесін деп кештің шырқы.
Ғалия қымызшы қыз базардағы,

Келгендей күткен бақыт, өз арманы.

Ұнады Балуанға бір көргеннен,

Әйелдің кезіксе де гөзалдары.
Әйелдің кезіксе де сұлулары,

Балуан біреуіне бұрылмады.

Таңдауы тек осы бір Ғалияжан,

Шыққанша қалған жерде шыбын жаны.
Көргеннен Ғалияны шын ынтыққан.

Азабын, жүректегі мұңын да ұққан.

Күйеуі арқасына қамшы ойнатып,

Аруды түнде үйінен қуып шыққан.
Азабы күйеуінің жанға батып,

Қиналды қу тағдырдың дәмін татып.

Ақыры төркіннен де тұрақ таппай,

Базарға шығып кетті, қымыз сатып.
Жұп болмай, хас тірлікте қасаң жатып,

Әйелге қонған дейсің қашан бақыт?!

Күйеуі келіп-кетіп жүреді екен,

Қамшысын анда-санда шошаңдатып.
Бойында болғаннан соң алуан желік,

Базарға нөкерімен Балуан келіп.

Ән салды әуелетіп кешке дейін,

Тыңдады Ғалия да жанына келіп.
Сол жерде Балуанның түсті көзі,

Ұнады бірден оған іс-мінезі.


Оңтайын тауып сөйлей білген жанға

Оңалып кете берер істің өзі.
Үстінде қара бешпент, қызыл ішік,

Балуан кетіп жүрді, қымыз ішіп.

Кім ғашық осындайда болмас дейсің,

Жігітке өзі – өжет,

Сөзі – пысық.
Есілдің толқынындай елі нөпір,

Бұл жерде әнші, палуан, сері де отыр.

Шолақты абақтыға жапты деген,

Төрінен ақбоз үйдің көріп отыр.

Ғалия сар қымызды сапырады,

«Кел, кел», – деп дәм татуға шақырады.

Қасында өнер сүйген өңшең сері,

Қызыққа қалың елді батырады.
Қоршап ап, туған-туыс, танығандар,

Серінің дәл қазіргі халін аңғар.

Қолында –

Үкілеген домбырасы,

Қасында –

Қажымұқандай палуан бар.
Құр қалмай елдің әзіл-оспағынан,

Қалжыңын қосып отыр қос палуан.

Өтеді қара нөсер төгіп-төгіп,

Қою бұлт Ақмоланың аспанынан.
Қоңыр ән қою бұлтпен араласып,

Сарыарқа сауырынан барады асып.

Сайларға – сайын белге таратады,

Самал жел әсем әнді ала қашып.
« – Ғалия, айым да сен, күнім де сен,

Тартады оң қабағым күлімдесең...

Әзірге байың басқа болғанменен,

Менікі боласың ғой, түбінде сен... ».
Бұл сөзді айтқанменен әзіл қылып,

Кім сезер ән-әуеннің сазын біліп.

Қалың ел қауіптенді

Күйеуінен,

Тап келіп,

Кете ме деп жазым қылып.
Осы сөз орайлы емес наз етерге,

Жарамас отырысты мәз етерге.

Сынатып алмақ болып Ғалияны,

Қарады «бұл қалай?!» деп Қажекеңе.

Айтуға келген адам ақ тілекті,


Қажекең осы арада қатты кетті:

Болғанда өзің қыран, дәл мынадай,

Қарғаны қайдан іздеп таптың! – депті, –
Серінің осы ма еді, мақтанары,

Көрмедім көркеміңді тапқан әлі.

Қаз емес, аққу емес,

Қайдағы бір,

Келіпсің қасыңа ертіп қап-қараны.
Шолақтың болғанымен шабытты әні,

Әр сөзін отыр еді бағып тағы.

«Күйеуі бар» дегенді естіген соң

Осы еді Қажекеңнің қағытқаны.
Бұл сөзге қалды Шолақ сәл шамданып,

Бір жағы айтқанына аң-таң қалып.

Сарыға жаның құмар болғаннан соң...

Демегін Қажекең де қалды аңғарып.
Сонда да Шолақ сөзден тайынбады.

Көп сырды Ғалияның жайындағы,

Жинақтап жүрегінде жүрген түйіп,

Былайша жауап беріп, пайымдады.
Қажеке, іні тыңдап, аға мақтап,

Отырса осы отырыс қандай жақсы-ақ.

Көзіңе дәл осылай көрінгенмен,

Ғалия саған – қара,

Маған – әппақ.
Білген жан

Бұл сөзімді бағамдар ма,

Беретін тағы басқа бағаң бар ма?

Анықтап мен сияқты қарасаңшы,

Ғалия маған – аққу,

Саған – қарға.

Демеңіз, тартсам азап, мұны кінә,

Шым баттым, қу тағдырдың шылығына.

Керегі түрі де емес, сұры да емес,

Ғашықпын Ғалияның қылығына!
Қажекең

Өзі тектес дархан ерді,

Құшақтап бауырына тарта берді...

Ән кетті «Ғалиялап» бебеу қағып,

Аралап, сайын дала, арқа-белді.


Қазақтың болғанменен даласы кең,

Тықсырып бара жатыр қаласымен.

Ақмола түрмесінде жатыр Шолақ,

Сотталып, сексен өгіз жаласымен.

Жігіт ол өр кеуделі – кемел, ерек.

Өткенге өлең-жыры өнеге боп.

Сексен қыз ертті десе,

Сенер едім,

Серіге сексен өгіз неме керек?!
Ғалия қолға қонған бұлбұл құсы

Бәрі де ән әсері, жырдың күші.

Бір шайқап – Ғалиямен жүру үшін,

Дүние-ай,

Келді ме екен пұл қылғысы...
Тергеуші дұрыстап бір тергеп пе екен,

Балуан әлдекімге ермек пе екен?!

Төреден сексен өгіз тартып алып,

Жарлы мен жақыбайға бермек пе екен?
Сегіз ай тор-темірге телміргелі,

Серінің хал-жағдайын ел білмеді.

Керегі ақша болса бізден алсын, –

Деп біраз елдің іші бір дүрледі.
Жатпады жайға қарап Шолақ тағы,

Қалың ел – қара халық қол артқаны.

Түрменің қақпасына талай келген,

Қам-көңіл Ғалияны жолатпады.
Ішінен мұны сезген Балуан Шолақ,

Жан емес, әнге – кедей, сөзге – олақ.

Түндігін тас түрменің желкілдетті,

Ән салып, күні-түні «Ғалиялап».
... Жатырмын Ақмоланың түрмесінде,

Ел-жұртым ақтығымды білмесін бе? ...

Тыңдады осынау әнді Ғалия да,

Түрменің тұрып алып іргесінде.
Дүрлігіп түрмедегі өңшең шенді,

Зіркілдеп,

Балуанға талай төнді.

Қапаста отырғандар кемсең қағып,

Деп жатыр:

Шын ғашық қой, қайтсін енді!
Атойлап кеудесінде ой –дөнені,

Туласа,

Шолақ кімге бой береді.

Күні-түн «Ғалияның» зарын айтса,

Тіл қатып,

Ешкім батып, «қой» демеді.
Ғалия!

Ғалия – деп бір үн кетті,

Бұндай ән тербетпеген бұрын көкті.


Жұлқылап, есік пенен терезені,

Түрменің темір торын дірілдетті.
Бұл әуен тас түрмені тесіп өтіп,

Таңғалтып Қараөткелді Есіл өтіп,

Түрменің басшылары тағат таппай,

Жан-жаққа хабарлапты есі кетіп.

Даярлап, келген болып, ат-көлікті,

Талайлар қолда барын қақ бөліпті.

Бұл бірақ,

Бұйрық та емес,

Билік те емес,

Қызынан Жандаралдың хат келіпті.
Қызы бар Жандаралдың тегі мықты,

Өтініп, жыламай-ақ егіліпті.

Хатында: – Балуанды босатыңдар,

Мен өзім кепіл болам... делініпті.
Дос қайдан, демеңіз тек, дұшпан қайдан,

Құтылып кетер болса ұсталмай жан.

Түрменің бастығына мына хабар,

Кем болмай, тас төбеден түскен жайдан.
Басшылар ақылдасып неше күнге,

Дұрыстап ұйықтай алмай төсегінде.

Ақыры Балуанды босатыпты,

«Түрмеден қашып кеткен...» есебінде.
Түрмеден босаған соң бір ән ғажап,

Қияға қаққандай-ақ қыран қанат.

Батыры аман-есен оралған соң,

Жатыр ел «Ғалиялап» ұрандап-ақ.
Біледі сүйген жүрек сағына да,

Ол енді өз еркіне бағына ма?!

Айтады ән, онан сайын үдемелеп,

Қайтадан қауышқан соң – Ғалияға.
Аптығып,

Айтқан әнін үдеткені,

Оты ғой сағыныштың жүректегі.

Есілдің толқынына тоғысқандай,

Ел-жұрттың көз жасы мен тілектері.

Бір айқай:

Өй, әкеңнің аузы!.. деген, –

Тап қылды маған мұндай жауды неден.

Ақынды ақымақ деп естуші едім,

Көңілі әр әйелге ауды! – деген,–

Ақыл аз болады екен, ақыныңда,


Жақпайды бауырың да, жақының да,

Ел ақтап, дүние кезіп жүргенінде,

Тапқаны осы менің қатыным ба?!
Есімі бұл батырдың Қожбан еді,

Жасында қатарынан озған еді.

Кейіннен табан асты байып кетіп,

Саусағын жас қыздарға созған еді.
Шарабын бұл дүниенің батып ішті,

Ақшаға шатастырды ақыл-істі.

Аздаған қалың беріп, малын беріп,

Алыпты Ғалияны қатын үсті.
Көргені Ғалияның көрім екен.

Ішкені – ірің, жегені – желім екен.

Иттен де қызғаныпты, құстан-дағы,

Жазығы бетке біткен көрігі екен.
Аз жылда

Азап көріп, жасып бұққан.

Қосылса бір сәрі ғой, ғашықтықтан.

Қожбанның қамшысына шыдай алмай,

Ғалия төсегінен қашып шыққан.
Үйіне оралмапты сол кеткеннен,

Аман-сау, бала сүйіп – тербеткеннен,

Базардан бір-ақ шықты,

Белді буып,

Не пайда көздің жасын көлдеткеннен.
Қаншама қысты, жазды, күзді өткеріп,

Апталар асып кетті, тізбектеліп.

Ергенін Балуанға естіген соң,

Қожбанның тұрғаны осы іздеп келіп.
Жеткенде Қожбан жатты ән айтылып,

«Ғалия – айым да сен...» және айтылып.

Қалың ел әуенге ұйып отырғанда,

Келгенін білмей қалған қалай кіріп...
Ұмтылды кірген бетте Балуанға,

Балуан ұстатпайды жалынан да.

Қасына домбырасын қоя салып,

Бір тартса,

Жата қалып, жалынар ма?!
Қаймығып қасындағы жырақ кетті.

Қимылы палуанның ұнап кетті.

Қожбанды желкесінен бүріп ұстап,

Көтеріп көтенінен бір-ақ тепті.

Мұндайда кім тұрады,


Уайымдап құр.

Болған жөн ісің – жылдам, ойың – тапқыр.

Бір досы «әлдеқалай болады» деп,

Тарантас үй сыртында дайындап тұр.
Үлгірген бұған дейін жария боп.

Бір әуен шалқығандай,

«Ғалия»... деп.

Қосылып кетті соған

Қалың қауым.

Ду болып,

Думан болып,

Дабыра боп.
Қынай бел,

Ғалиядай қаламқасқа,

Отырса жарасады тарантасқа...

Бұл жолғы ән де бөлек,

Жыр да ерек,

Жаңғырып жетіп жатты тау мен тасқа.