reforef.ru 1
Алғысөз жазып бер демейсің бе?


Бауыржан Момышұлына бір жазушы:

– Бәуке, Москва маңындағы шайқастар туралы кітап жазып едім, үстінен қарап шықпас па екенсіз. Содан соң екеуміз соавтор болсақ, – деп тілек білдіріпті.

– Дурак, – депті Бәукең шарт сынып.

– Ішінде бір сөйлемім жоқ, мен қалайша соавтор болмақпын. Одан да алғысөз жазып бер демейсің бе?!

Сіздің дардай атыңызға...

Отан соғысының әйгілі партизаны Қасым Қайсенов бірде өзінің жеке меншік машинасымен тау бөктеріне қарай серуенге шығыпты. Адам бейнет шегейін десе аяқ астынан емес пе, бөктер жолмен келе жатқан машина 3 метр терең жарға аунап кетеді. Абырой болғанда Қасекең қатты жарақаттанғанмен тірі қалады. Қып-қызыл ала қан болып емханаға түседі.

Мұны естіп, жылап-еңіреп құрдасы Сырбай Мәуленов жетеді ғой. Сырбай мән-жайды, қалайша мұндай кейіпке тап болғанын сұрайды. Қасым рухы берік жан ғой. Егіліп отырған Сырбайға сыр білдірмей, қарабайырлап жағдайды айта бастайды: «Содан ойда жоқта 3 метр құлама жардан аунап-ақ кеткенім!» – депті.

Сонда күйзеліп отырған Сырбай көзінің астымен сүзе бір қарап алып:

– Бәрекелді, Қасеке-ау, сіздің дардай атыңызға 3 метр деген ұят қой. Бұл сөзіңізді мен ғана естиін. Менен басқаға 30 метрден құладым деңіз, – деген екен.

Кейін Қасекең жазылып шығады. Күндердің бір күнінде Сырағаңды көшеде мотоцикл қағып кетіп, емханаға түседі. Мұны естіп енді Қасым көңіл сұрай келеді.

Көңіл сұрап отырып Қасекең:

– Әй, Сырбай, сен бұл әңгімені менен басқаға айтпа, ұят болады, түйедей Сырбайды торпақтай мотоцикл қақты деген не сұмдық. Сен жұртқа КамАЗ қағып өтті де, сонда жарасады, – деген екен.

Рақымжанның реніші

Халқымыздың даңқты ұлдарының бірі – Рейхстагқа ту тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаев әскерден аман-есен оралған соң көп жыл бойы моншаның директоры, соңынан «Алматы» мейманханасының директоры қызметтерін атқарады. Сол Рахаң бірде қаламгер достарының арасында отырған кезде:


– Осы сендер менің әскердегі өмірімді, Рейхстагқа ту тіккенімді тәптіштеп, оқырманды мезі етіп, қайта-қайта жаза бересіңдер. Жазғыш болсаңдар – менің содан кейінгі өмірімді неге жазбайсыңдар? Мәселен, мен қандай директормын, сол туралы пікір білдірсеңдер етті? – деп базына айтады.

Мұны естіп отырған ақын Сырбай Мәуленов сол арада суырылып сөз алып:

Мейірің – нұры мол сарай,

Мінезің – бейғам баладай.

Жүрегің – ыстық моншадай,

Көңілің – мейманханадай, – деп мақтап ала жөнеліпті.