reforef.ru 1 2 ... 4 5
ӘОЖ 378.02:37.01:39 Қолжазба құқығында



АЛШЫМБЕКОВ САЯХАТ ҚАНАҒАТҰЛЫ

БОЛАШАҚ ТУРИЗМ МАМАНДАРЫН ҚАЗАҚ ЭТНОПЕДАГОГИКА МАТЕРИАЛДАРЫН КӘСІБИ ІС-ӘРЕКЕТТЕ ПАЙДАЛАНУҒА ДАЯРЛАУ


13.00.08 – Кәсіптік білім беру теориясы мен әдістемесі
Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

А В Т О Р Е Ф Е Р А Т Ы


Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің педагогика кафедрасында орындалды

Ғылыми жетекшілері: педагогика ғылымдарының докторы
Саипов Ә.А.
педагогика ғылымдарының кандидаты

Омаров Қ.М.

Ресми оппоненттер: педагогика ғылымдарының докторы

Жолдасбеков А.А.

педагогика ғылымдарының кандидаты,

доцент Исабек Н.Е.

Жетекші ұйым: Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық
қатынастар және әлем тілдері
университеті

Қорғау 2010 ж. « » сағат ______ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д. 14.05.01. диссертациялық кеңесінің мәжілісінде өтеді. Мекен жайы: 050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы 13, 2-қабат, мәжіліс залы.

Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады. Мекен жайы: 050010, Алматы қаласы, Қазыбек-би 30, 3-қабат.

Автореферат 2010 жылы «____ » ____________ таратылды.





Диссертациялық кеңестің

Ғалым хатшысы: Көшербаева А.Н.


КІРІСПЕ


Зерттеудің көкейкестілігі. Әрбір мемлекеттің интеллектуальды, экономикалық, ұлттық рухани және мәдени деңгейі, оның білім беру салалары мен даму қарқынына тікелей байланысты. Осыған сәйкес «Қазақстанның 2030 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасында» білім берудің әлеуметтік-мемлекеттік маңыздылығы айқындалып, әсіресе кәсіби мамандар даярлау ісіне баса көңіл бөлу керектігі анық көрсетілген.


Сондықтан ғылыми техникалық прогрестің дамуы мен елдің нарықтық экономикаға өтуі,жаңа мамандықтар бойынша жүйелі түрде даярлаудың қажеттілігін тудырды. Осы тұрғыдан алғанда туризм мамандарын жүйелі түрде кәсіби даярлау, жалпы әлеуметтік сипатқа ие бола отырып, халқымыздың салауатты өмір сүру салты мен рухани мәдениетіне жастардың кәсіби танымдық көзқарастарын кеңейту, туристік іс-әрекеттер арқылы ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттау бүгінгі қоғамның көкейкесті мәселесінің біріне айналуда.

Қазақстанның дербес тәуелсіз мемлекет болуымен қатар алғаш рет экономиканың қызықты да, ауқымды жаңа саласы туризм қалыптасып дами бастады. Туризм өзінің әмбебап ұйымдастыру түрлері мен мүмкіндіктері жағынан, дәстүрлі түрде қалыптасқан басқа экономикалық салалармен біріге отырып өндірістік, кәсіпкерлік мәселелерді ғана емес, сонымен қатар маңызды әлеуметтік, педагогикалық білім мен тәрбие беру кеңістігін де қамтиды, қалың бұхараны экскурсия үдерісі барысында туристік танымдық-тәрбиелік іс-әрекетке тарту арқылы жеке адамның құнды ұлттық рухани дүниесінің қалыптасуына ықпал етуде.

Осы орайда, жоғары оқу орындарындағы болашақ туризм мамандарын, атап айтқанда туризмнің танымдық-ақпараттық қызметін жүргізуші экскурсоводтарды, экскурсия үдерісінде туризм субъектілеріне этнографиялық білім мен тәрбие беру мақсатында қазақ этнопедагогикасының материалдарын пайдаланып қана қоймай, осы экскурсияларды даярлау технологиясын меңгеруге де даярлықтарын қалыптастыру өзекті мәселе болып табылады. Олай дейтін себебіміз, шетелдік және отандық туризм субъектілері ғысырлар бойы өзінің көкейкестілігін жоғалтпай, керісінше, әрбір қоғамдық ортада болған өзгерістерге байланысты жетіліп отырады.

Алайда, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ұлттық мәдениеті туралы ақпараттық білім беру және оны әлемге әйгілеу болашақ экскурсоводтардың осы бағытта меңгерген этнопедагогикалық білімдерінің теориялық, практикалық, іскерлік, дағдыларының деңгейіне байланысты айқындалады.


Сондықтан жоғары мектеп педагогикасының күрделі де маңызды бір мәселесі, бакалавриаттар мен магистранттарды болашақ туризм мамандығына оңтайландыру, кәсіптік біліктілігін дамыту, кәсіби бағдар берудің жаңа жүйесін жасау, іскер және құзіретті маман дайындауға ерекше көңіл бөлу керек. Демек, маман дайындау үшін кәсіби білім беру үдерісін белсендендіру, оқытудың жаңа формалары мен әдіс-тәсілдерін жетілдіру қажет. Оқу үдерісін белсендендіру – берік те тиянақты білім берудің жолдарын қарастыру, студенттердің кәсіби шығармашылық ойлауына, ізденуіне мүмкіндік жасау, оларды келешек мамандығына қызықтыра отырып, оқу үдерісін ғылыми негізде ұйымдастыру қажет.

Болашақ туризм мамандарының, туризмнің экскурсия үдерісінде қазақ этнопедагогикасы материалдарын танымдық,тәрбиелік мақсатта пайдалануға даярлықтарын қалыптастыру үшін, оларда ең алдымен практикалық іс - әрекет барысында пайдаланылытын этнопедагогика -

лық кәсіби білім, этнографиялық экскурисияларды даярлау және өткізу іскерліктері мен дағдылар жүйесін қалыптастыру қажет етіледі.

Осы тұрғыдан алғанда, болашақ туризм мамандарын экскурсия үдерісінде қазақ этнопедагогика материалдарын пайдалануға даярлықтарын, іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыру мәселесінің көкейкестілігі күннен-күнге арта түсуде.

Педагогика саласы ғалымдары (В. И. Андреев, Ю. К. Бабанский, Н. В. Кузьмина, В. В. Сериков, В .А. Сластенин, А. В. Усова, Н. Д. Хмель,Г.Т.Хайруллин,В.В.Трифонов, Н. Н. Хан, Қ. Қ. Жампеисова, А. А.Бейсенбаева және т.б.) маманды кәсіби даярлау үдерісінің психологиялық-педагогикалық негіздеріне, мамандықтың мәніне, өзіндік ерекшеліктері мен функцияларына тоқталады. Оның құрылымын негіздей отырып, маман іс-әрекетінің кәсіби бағдарын, студенттердің шығармашылық және өздігінен дербес білімін жетілдіруге байланысты ғылыми-әдістемелік негізделген бағдар ұсынады.

Қоғамның қазіргі даму жағдайында еңбек сапасына талаптың

күшеюіне байланысты білім беру саласының дамуы жөніндегі Қ.М.Арынгазин, С.Ж.Пірәлиев, Б.Б.Баймұханов, С.Т.Каргин, Л.Керимов, Т.С.Көшеров, А.Қ.Құсаинов, Е.Ө.Медеуов және т.б. еңбектері; студенттердің кәсіптік және техникалық даярлығын қалыптастыруға арналған Ш.А.Абдраман, Б. Әбдікәрімұлы, В.В.Егоров, К.А.Жусупова, М.С.Мәлібекова, Б.К.Момынбаев, О.Мұсабеков, Ы.А.Нәби, Ә.П.Сейтешев, О.С.Сыздықов, С.Маусымбаевтың еңбектері; мамандар даярлаудағы әлеуметтік мәселелердің маңызы жөнінде Г.К.Ахметова, Е.З.Батталханов, З.Ө.Кенесарина, Г.Ж.Меңлібекова зерттеулері; мамандар даярлауда арнайы пәндер мазмұнын оқыту тиімділігін арттыру туралы М.С.Молдабекова, Ж.Ж.Наурызбай, Л.А.Шкутина, К.М.Беркімбаевжәне т.б.еңбектері; білім беру саласында арнайы педагогикалық идеяларды іске асыруда және мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіру жолдары туралы: А.В.Усова, В.И.Земцова, В.И.Тесленко, И.Л.Беленок, М.А.Құдайқұлов, А.Е.Әбілқасымова, Н.Э.Пфейфер, Ш.Таубаева, В.Г.Храпченков, А.Б.Абибуллаева, Б.Кенжебеков және т.б. ғалымдардың болашақ маман даярлау туралы ізденістерінің маңызы жоғары болды.


Жоғары білім беруді ұйымдастыру мен жетілдірудің қазіргі заманғы келелі проблемалары туралы және студенттердің жалпы этнопедагогикалық,әскери-патриоттық,этноэкологиялық, технологиялық білімдері мен дағдыларын дамытуға Ю.К.Васильев, В.П.Кузьмина, А.Н.Гудимова,Қ.Б.Жарықбаев,С.Қалиев,С.А.Ұзақбаева,Қ.Б.Бөлеев, Р.К.Төлеубекова,Қ.Қ.Шалғынбаева,Р.К.Дүйсембинова, Б.А.Әлмұхамбетов, Ұ.М.Әбдіғапбарова,Р.А..Жаңабаева,А.Н.Көшербаева,Д.Чилдебаев, С.М.Кеңесбаев, және т.б. зерттеулері арналған. Бұл жұмыстар негізінен инженер-педагог, мұғалім сияқты халық шаруашылығының түрлі саласына мамандар даярлауға байланысты жүргізілген.

Көптеген ғалымдардың оқушылардың туристік іс-әрекетін ұйымдастыруға байланысты П.И.Истоминнің, А.А.Остапец-Свешниковтың, О.А.Юрьеваның, А.А.Саиповтың, В.Н.Вуколовтың, О.Б.Мазбаевтың, А.А.Жолдасбековтың, В.П.Фоминнің, Қ.М.Омаровтың, Н.У.Серикованың, О.Г.Лютеровичтың зерттеулерінде туристік-өлкетану іс-әрекеттері біршама нақты зерттеліп, туризм кадрларын даярлау үдерісі жалпылама түрде сипатталған.

Сонымен, ғылыми-педагогикалық, психологиялық, туризм, өлкетану ғылымдары, тарихи-этнографиялық, этнопедагогикалық әдебиеттер мен зерттеу еңбектерге және озық тәжірибелерге жасаған талдау авторлардың өздерінің зерттеу нысаналарына қарай педагогика, этнопедагогка ғылымына айтарлықтай үлес қосқанын, олардың зерттеу нәтижелерінің тәжірибеде қолданылып жүргенін, ал біздің қарастырып отырған зерттеу жұмысымыздың проблемасы бұл еңбектерде қарастырылмағанын дәлелдейді. Туризм мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының оқыту үдерісіндегі болашақ экскурсоводтарды кәсіби даярлау мәселесінің қазіргі таңға дейін ғылыми-педагогикалық тұрғыда зерттелмегендігін, нақтылай айтқанда болашақ экскурсоводтардың экскурсия үдерісінде қазақ этнопедагогикасы материадарын танымдық - тәрбиелік мақсатта пайдалуға әдістемелік даярлықтарын қалыптастыруға бағытталған ғылыми-әдістемелік нұсқаулар мен бағдарламалардың жоқтығы байқалады.

Демек, бүгінгі туризм кадрларын даярлау үдерісінде болашақ экскурсоводтардың кәсіби даярлықтарын қалыптастыру мәселесінің жүйелі зерттелмеуі арасында; туризм саласының сұранысына сәйкес, болашақ экскурсоводтарды экскурсия үдерісінде, туризм субъектілеріне этнографиялық білім мен тәрбие беру мақсатында, қазақ этнопедагогикасы материалдарын пайдалануға, кәсіби даярлықтарын қалыптастыруға байланысты, бірегей кешенді оқу-әдістемелік нусқаулардың жоқтығы арасында қарама-қайшылықтың бар екені анық байқалады. Олай болса, осы қарама-қайшылықтардың тиімді педагогикалық шешімін іздестіру, біздің зерттеу жұмысымыздың проблемаларын айқындауға және тақырыпты «Болашақ туризм мамандарын қазақ этнопедагогика материалдарын кәсіби іс-әрекетте пайдалануға даярлау» деп таңдауымызға негіз болды.


Зерттеудің мақсаты. Болашақ туризм мамандарын қазақ этнопедагогика материалдарын кәсіби іс-әрекетте пайдалануға даярлауды теориялық тұрғыдан негіздеу және әдістемесін жасау,эксперименттік тексерістен өткізу.

Зерттеудің объектісі. Жоғары оқу орындарындағы болашақ туризм мамандарын кәсіби дайярлау үдерісі.

Зерттеудің пәні. Болашақ туризм мамандарының экскурсия үдерісінде қазақ этнопедагогикасы материалдарын пайдалануға даярлықтарын қалыптастыру.

Зерттеудің болжамы. Егер болашақ туризм мамандарының экскурсия үдерісінде туризм субъектілеріне этнографиялық білім мен тәрбие беру мақсатында қазақ этнопедагогикасы материалдарын пайдалануға даярлықтарын қалыптастыру теориялық және ғылыми-әдістемелік тұрғыда негізделсе және оның қазіргі кредиттік технологиялық оқыту жүйесі бойынша әдістемелік кешені даярланса,онда туризмнің экскурсия үдерісінде қазақ этнопедагогика материалдарын пайдалануды жетік меңгерген экскурсоводтарды кәсіби дайындау үдерісінің тиімділігі артады, өйткені бұл,бүгінгі туризм саласы бойынша болашақ экскурсоводтарға кәсіби білім беру сұранысына сәйкес келеді.

Зерттеудің міндеттері.


  1. Болашақ туризм мамандарын қазақ этнопедагогикасы материалдарын кәсіби іс-әрекетте пайдалануға даярлудың теориялық және ғылыми-әдістемелік негіздерін анықтау.

  2. Болашақ туризм мамандарын экскурсиялық үдерісте қазақ этнопедагогика материалдарын пайдалануға даярлықтарының моделін жасау, оның өлшемдері мен көрсекіштерін және қалыптасу деңгейлерін айқындау.

  3. Болашақ туризм мамандарын экскурсиялық үдерісте қазақ этнопедагогика материалдарын пайдалануға даярлаудың әдістемесін жасап, оның тиімділігін тәжірибелі-эксперимент жүзінде тексеру.

  4. Қазақ этнопедагогика материалдары қолданылған этнографиялық экскурсиялар жүйесінің мазмұнын даярлау.

Зерттеудің жетекші идеясы. Жоғары оқу орнындағы болашақ туризм мамандарының кәсіби даярлығын теориялық тұрғыдан дамыту және экскурсия үдерісінде қазақ этнопедагогика материалдарын пайдалануға даярлықтарын жетік меңгерту,олардың кәсіби білімі мен іскерлігін қалыптастыру мен қатар,туризм субьектілеріне ұлттық құндылықтарды тиімді меңгертуге ықпал етеді.


Зерттеудің ғылыми-әдіснамалық және теориялық негіздері білім беру жүйесінің философиялық, психологиялық-педагогикалық, этнопедагогикалық ғылыми-әдістемелік негіздері, тұлға дамуының жалпы философиялық ұстанымдары, біртұтастық туралы диалектикалық теориясы, қазіргі білім беру проблемалары, кәсіптік білім беру, кәсіби педагогика, кәсіпқойлық психологиясы мен жеке тұлғаны дамыту саласындағы отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері құрайды.

Диссертациялық зерттеудің теориялық, әдістемелік және эксперименттік қағидаларын жасауда кәсіби оқыту үдерісін зерттеудегі жүйелілік, тұлғалық және іс-әрекет тұрғысынан қараудың жалпы ғылыми ұстанымдары, сонымен бірге кәсіпқойлық, оның бәсекеге қабілетті және кәсіби толысқан маман болып қалыптасуындағы рөлі; іс-әрекеттің философиялық, психологиялық, педагогикалық, этнопедагогикалық теориясы; проблемалық оқытудың психологиялық-педагогикалық және әдістемелік негіздері туралы теориялары мен идеялары қолданылды.

Зерттеу көздері: зерттеу проблемасы бойынша философтардың, педагогтардың, психологтардың, этнографтардың және т.б. ғалымдардың еңбектері; ҚР үкіметінің ресми материалдары; Білім және ғылым министрлігінің жоғары мектептің білім беру мәселелеріне қатысты нормативті құжаттары мен оқу-әдістемелік кешендері (стандарттар, типтік оқу бағдарламалары, оқулықтар, оқу құралдары және т.б.); Қазақстан Республикасы жоғары міндетті кәсіптік білім беру бағдарламалары; ҚР туризм саласын дамыту тұжырымдамасы мен бағдарламасы, экскурсоводтардың озық тәжірибелері; туризм кадрларын кәсіби даярлау саласындағы ғылыми еңбектері.

Автордың жоғары оқу орнында аға оқытушы, туризм нұсқаушысы, гид-экскурсовод, жоғары категориялы экскурсовод қызметтеріндегі көп жылдық педагогикалық және зерттеушілік іс-әрекет тәжірибесі.

Зерттеу әдістері: зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруда теориялық (модельдеу, салыстырмалы, индуктивті-дедуктивті талдау), эмпирикалық (сұрау, бақылау, педагогикалық эксперимент, педагогикалық озық іс-тәжірибелер); әлеуметтану (сауалнама); білім беру жүйесі субъектілерінің тәжірибесін талдау, салыстыру, зерделеу, жинақтау, тәжірибелік-әдістемелік жұмыстарды жүргізу, математикалық статистикалық өңдеу әдістері қолданылды.


Зерттеудің негізгі кезеңдері

Бірінші кезеңде (2000-2002 жж.) педагогикалық зерттеулер әдіснамасы мен теориясының жалпы және арнайы мәселелері бойынша отандық және шетелдік әдебиеттерді мақсатты зерттеу мен талдау; болашақ экскурсовод мамандарын дайындау тәжірибесін талдау жұмысы ұйымдастырылды. Маманды даярлаудың мемлекеттік стандарттары, білім беру саласындағы бағдарламалар және бірқатар жоғары оқу орындарында негізге алынып жүрген мамандарды даярлау оқу жоспарлары зерделенді. Зерттеудің басты қағидалары анықталды, тәжірибелік-эксперимент жұмысының әдістемесі қалыптасты. Жоғары оқу орнында болашақ туризм мамандығы студенттеріне арнайы, кәсіби пәндерді оқытудың әдістемесін қалыптастырудың заманауи проблемаларының зерттеу деңгейі анықталды, анықтау экспериментінің нәтижелері өңделді.

Екінші кезеңде (2003-2006 жж.) студенттерге туризм, экскурсиятнау, туризм педагогикасы, этнопедагогика, дүние жүзі халықтарының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрыптары саласында білім берудің көп сатылы құрылымыдық ерекшеліктері негізделді. Болашақ туризм мамандарына арналған арнайы мамандық пәндердің құрылымы және мазмұны жетілдірілді. Болашақ туризм мамандығы шеңберінде жалпы кәсіби дайындау тиімділігін арттыруға бағытталған оқу үдерісінің құрылымы жетілдірілді және қалыптастыру эксперименті жүзеге асырылды.

Үшінші кезеңде (2007-2009жж.) болашақ туризм мамандығы студенттеріне арнайы мамандық пәндерді оқытудың бағдарламасын, дидактикалық қамтамасыздандыруын және әдістемесін негіздеп, жетілдіру үстіндегі жұмыстары жалғасты. Болашақ туризм мамандығы студенттеріне экскурсия үдерісінде ұлттық тәрбие беру мақсатында қазақ этнопедагогика материалдарын пайдалануға даярлықтарын қалыптастыруға бағытталған білім берудің ұстанымдары негізделіп, оқу үдерісіне ендірілді. Болашақ туризм мамандарының экскурсия үдерісінде туризм субъектілеріне этнографиялық білім мен тәрбие беру мақсатында қазақ этнопедагогикасы материалдарын пайдалануға әдістемелік даярлықтарын қалыптастыруды кәсіби дайындау технологиясы жасалып, әдістемесі ұсынылып, тәжірибелік-экспериментте тексерілді. Педагогикалық эксперимент нәтижелері қорытындыланды, деректер статистикалық өңдеуден өтті және ғылыми-әдістемелік ұсыныстар берілді. Пайдаланылған әдебиеттер жүйеге келтірілді. Диссертациялық жұмыс талап бойынша рәсімделді.


следующая страница >>